Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Депутаттық сауал. Қонаев қаласының инфрақұрылымын дамыту туралы

16.01.2025 53

Депутаттық сауал

Премьер-Министрге бағытталады

 

Құрметті Олжас Абайұлы!

 

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауын іске асыру аясында аграрлық комитеттің депутаттары 2024 жылғы 20 желтоқсанда Алматы облысында көшпелі отырыс өткізген болатын. Отырыс барысында шешуді талап ететін бірқатар проблемалық мәселелер көтерілді.

Жалпы еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымындағы өзгерістер Мемлекет басшысының жоғары саяси және стратегиялық көзқарастары тұрғысынан енгізілетінін атап өткіміз келеді. 

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес Алматы облысының әкімшілік орталығы Талдықорған қаласынан Қонаев қаласына көшірілді.  

Осыған байланысты инженерлік, энергетикалық, әлеуметтік, жол және әкімшілік объектілердің құрылысын қоса алғанда, облыс орталығының мәртебесіне сәйкес инфрақұрылым құру қажеттілігі туындауы сөзсіз.

2023 жылы дайындық жұмыстары жүргізіліп, Қонаев қаласы үшін бірқатар маңызды құжаттар әзірленді. Олардың ішінде - қаланың бас жоспары бекітілді, Үкіметтің бір көзден сатып алу туралы қаулысы қабылданды, сондай-ақ қаланың 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары бекітілді.

Жоспар шеңберінде 187 іс-шараны іске асыру көзделген, оның ішінде 148 жоба 1,9 трлн. теңге бюджет қаражаты есебінен және 39 жоба, сомасы 2,1 трлн. теңге жеке инвестициялар есебінен іске асырылуы тиіс. (91- инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым нысандары, 58 - әлеуметтік-мәдени және әкімшілік ғимараттар, 38 - жол-көлік инфрақұрылымының объектілері).

Анықтама:2023 жылы 18 іс-шараны, ал 2024 жылы 119 іс-шараны іске асыру жоспарланған болатын. Сондай-ақ, 2023 жылдан 2024 жылы жалғасатын 25 жоба бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу басталды, ал 2024 жылы тағы 99 жобаны жобалау басталды.

Бүгінгі таңда стратегиялық маңызы бар «Арна» қосалқы станциясының құрылысы маңызды жоба болып табылады. Бұл жобаны іске асыру өңірдің экономикалық және өнеркәсіптік дамуы үшін қуатты серпін болатыны анық. Ол дегеніміз, жаңа жұмыс орындарын құруға, өндірістік және әлеуметтік объектілерді энергиямен қамтамасыз етуді күшейтуге, сондай-ақ облыстың инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Осы жоба бойынша 2025 жылға арналған республикалық бюджеттен қаржыландыру жобасы 20 млрд теңгені құрайды (жалпы құны 33,1 млрд теңге).

Бұдан басқа, 7 әкімшілік ғимараттың құрылысы бойынша құжаттары дайын тұр. (Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Департаменттер үйінің, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Департаментінің, Оқушылар сарайының, үлгілік жинау пунктінің, облыс әкімдігінің құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты ұйымдарына арналған ғимараттардың құрылыс жобалары).

Бұл стратегиялық маңызы жоғары жобалар мемлекеттік басқарудың инфрақұрылымын жақсартуға, азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға және оқушылар үшін заманауи білім беру кеңістігін құруға арналған. 2025 жылға осы жобалар бойынша қаржыландыру қажеттілігі 50 млрд теңгені құрайды, жалпы құны 100 млрд теңге.

Сондай-ақ, №19, №20, «Арна», «Спутник» және «Рауан» шағын аудандарында газбен жабдықтаудың желілерінің құрылысын тездету керек. Бұл жобаны іске асыру мыңдаған үй шаруашылықтары үшін сенімді және экологиялық таза энергиямен жабдықтауды қамтамасыз етуге, өмір сүру жағдайларын жақсартуға және халықтың жылыту шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Жобаның жалпы құны 2,3 млрд теңге, ал 2025 жылға қаржыландыру қажеттілігі 1,1 млрд теңгені құрайды.

Бұл жобалардың барлығы облыстың әкімшілік орталығы ретінде Қонаев қаласын толыққанды дамыту үшін өте маңызды. Кешенді даму жоспарына сәйкес аталған жобалардың құрылыс жұмыстарын қаржыландыру көзі республикалық бюджеттен белгіленген.  

Құрметті Олжас Абайұлы, жоғарыда айтылғандардың негізінде, Қонаев қаласының инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ауқымды жобаларды іске асыру қажеттілігіне байланысты осы жобаларға арналған шығыстар 2023-2025 жылдарға жалпы трансферттер көлемінде ескерілмегенін ескере отырып, бюджетті нақтылау, түзету кезінде республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер бөлу жолымен қалыптасқан жағдайдың оңды шешілуі және 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары тиісінше әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз етуіңізді сұраймыз.

 

        

Құрметпен аграрлық комитет депутаттары.

                                                                              

Бөлісу