Сенатор Бекболат Орынбеков Жамбыл облысының Жуалы ауданына жұмыс сапары
Билік тармақтары мен оның барлық деңгейінің бірлескен жұмысы тиімді заңдар қабылдаудың кепілі және оларды орындау елдің одан әрі дамуына ықпал етеді. Сенатор Бекболат Орынбеков бұл жөнінде Жамбыл облысы Жуалы ауданының тұрғындарымен кездесуде айтты.
Депутат сапар барысында өңірдегі әлеуметтік нысандарды жөндеу жұмыстарымен танысты. Соның аясында ол №16 Жуалы колледжінде және «Бауыржан Момышұлы-Береке-Жұрымбай» бағытындағы жолда атқарылып жатқан жұмысқа назар аударды. Сондай-ақ үш қабатты тұрғын үйдің құрылысымен танысты.
Сонымен қатар сенатор аудандық мәслихат депутаттарымен кездесіп, өткен сессиядағы Сенат қызметінің қорытындылары туралы айтып берді және жергілікті жердегі әріптестерін ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырды.
«Сенат депутаттары ел дамуына тікелей әсер ететін аса маңызды заңдарды қабылдау үшін белсенді жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ біз қабылданған заңдарға да түзетулер енгізу ісіне баса мән береміз. Бұл ретте халықпен кері байланыстың маңызды екені сөзсіз. Сол үшін де шалғайдағы елдімекендердің тұрғындарымен кездесуге үлкен көңіл бөліп отырмыз. Біз бірлескен күш-жігердің арқасында ғана тиімді және әділетті заңдар қабылдаймыз», – деді сенатор Бекболат Орынбеков.