Сенат депутаттары азаматтардың республикалық референдумға қатысуы маңызды екенін айтты
Сенат депутаттары Бекболат Орынбеков пен Сәкен Арубаев Жамбыл облысындағы Шу ауданында болды. Онда теміржол саласы мен мәдениет үйінің қызметкерлерімен және тұрғындарымен кездесіп, АЭС салу мәселесі бойынша республикалық референдум өткізу тақырыбын талқылады.
Депутаттар Мемлекет басшысының бастамасы «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай келіп отырғанын жеткізді. Бұл қадам еліміздің одан әрі дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады.
«Экономиканың қазіргі заманғы проблемаларының бірі – электр энергиясының тапшылығы болып табылады. Өсіп-өркендеуді екі есеге арттыру жоспарын есепке алғанда электр энергиясына деген қажеттілік одан да маңызды бола түсуде. Энергия көздерінің сенімді болмауы ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Атом электр станциясын салу кезінде халықтың пікірі ескеріледі. Бізге цифрлық технологияларды, жасанды интеллект пен өндірісті дамыту үшін қосымша энергия қажет. Қазақстанда атом электр станциясын салу – осы мәселені орынды шешудің жалғыз жолы», - деді Бекболат Орынбеков.
Сенаторлар сонымен қатар Қордай ауданының тұрғындарымен және ардагерлер кеңесінің өкілдерімен кездесті. Жүздесуге қатысушылар атом электр станциясын салу қажеттігін және оның мүмкіндіктерін талқылады.
Сенаторлар атом электр станциясының құрылысы қазіргі уақытта еліміздің энергетикалық қажетін шамамен 70%-ға қамтамасыз ететін әрі қоршаған ортаға зиян келтіретін көмір электр станцияларына тәуелділікті айтарлықтай азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Атом электр станциясының жұмысы көмірқышқыл газы мен басқа да ластаушы заттардың шығарындысын азайтады. Ол климаттың өзгеруіне қарсы маңызды үлес болып табылады.