Бекболат Орынбеков Жамбыл облысының тұрғындарымен Жолдау жүктеген міндеттерді талқылады
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков Жамбыл облысы Талас ауданының Қаратау қаласына барып, жергілікті тұрғындармен кездесті.
Сенатор Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында алға қойған міндеттерге кеңінен тоқталды.
Парламент депутатының пікірінше Президент негізгі проблемалар мен оларды шешу жолдарын атап өтті, нақтырақ айтқанда: ақша-кредит және фискалдық саясат арасындағы сәйкессіздіктерді жою, инвестициялық ахуалды жақсарту, өнеркәсіптік әлеуетті толық пайдалану, инфрақұрылым мәселелерін шешу, кадрлық әлеуетті арттыру, ұлт денсаулығын нығайту, әлеуметтік қолдауды жаңғырту, экологияны жақсарту, сондай-ақ, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және Заң мен тәртіп идеологиясын бекіту.
Бекболат Орынбеков Жолдауда маңызды сауалдарға жауаптар қамтылып, еліміздің одан әрі дамуы үшін құнды құжат болатынын атап өтті.
«Алдағы референдум ауқымды ұлттық диалогты нығайтудағы маңызды қадам болмақ. Бұл билік пен азаматтардың белсенді өзара іс-қимылына бағытталған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының айқын көрінісі. Мұндай қадамдар шешім қабылдау кезінде әрбір азаматтың үні ескерілетін жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалауға мүмкіндік береді. Біз халық пікірін ескере отырып маңызды шешімдер қабылданатын мемлекеттік басқарудың жаңа моделін жасап жатырмыз», - деді Бекболат Орынбеков.
Сонымен қатар, сенатор Тараз қаласының Шөлдала ауылындағы «Бәйтерек» және «Ұлы Дала» шағын аудандарында салынып жатқан жайлы мектептердің, сондай-ақ, электр желісін кеңейту нысанының, көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысымен және Асқарова көшесінде ғимараттар мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желілерін жүргізу жұмыс барысымен танысты.
Бұдан бөлек, депутат Индустриалды-технологиялық колледж ұжымымен және студенттерімен кездесті. Сенатор 2024 жылғы Жолдаудың негізгі бағыттарына тоқталып, жиынға қатысушылар электр энергиясының тапшылығы мен АЭС құрылысына қатысты мәселелерді талқылады.