Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Сенатор Орынбеков Президент сұхбатын өңір тұрғындарымен талқылады: Ауылда әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту керек

05.01.2025 138

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков Жамбыл облысының Қордай ауданында болды. Онда жергілікті халықтың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі инфрақұрылым мен әлеуметтік жобаларды іске асыру барысымен танысты.

Сенатор халықпен кездесу барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тілі» газетінде жарияланған сұхбатында айтқан өзекті мәселелерді талқылауға ерекше назар аударды. Президент сұхбатында әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі бағыттары мен азаматтардың өмір сүру жағдайын жақсарту жөніндегі маңызды басымдықтар белгіленгені атап өтілді. Ол билік органдарының барлық деңгейдегі қызметіне негіз болатыны айтылды.

Бекболат Орынбеков Гвардейский кентіне сапар аясында Президент жария еткен басымдықтарға орай өңірдің инфрақұрылымын жақсарту аясында газ құбырын, қазандық пен жылумен жабдықтау жүйесін, су құбыры мен теміржол арқылы өтетін жол өткелін салу жобаларымен танысты. Сенатор «Қордай» өткізу бекетінде де болып, шекарадан өтуді автоматтандыру шараларына куә болды. Б.Орынбеков сондай-ақ Қарасу ауылында болған кезде «жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 300 орындық жаңа мектепті көрді және өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісін жақсартуда заманауи білім беру мекемесі зор ықпал ететінін атап өтті.

«Мемлекет басшысы «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында әлеуметтік инфрақұрылымды дамытудың маңызына ерекше тоқталды. Елімізде 460 мың оқушыға арналған 217 жайлы мектеп салу жоспарланғаны белгілі. Осындай жайлы мектептің бірі Қарасу ауылында салынуда. Жобаның негізгі мақсаты – апат жағдайындағы мектептер мен үш ауысымды оқыту мәселесін шешу, елдегі оқушы орындарының тапшылығын жою. Сондай-ақ, құрылыс саласында сапа мәселесіне ерекше назар аудару маңызды деп санаймын. Тұрғындардың пікірін ескере отырып, жобаларды іске асыру арқылы халықтың өмір сүру деңгейін едәуір арттыра аламыз. Жергілікті атқарушы органдар мен тұрғындардың өзара тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі аса маңызды», - деді Бекболат Орынбеков.

Сенатор жергілікті билік органдарымен және құрылысқа жауапты адамдармен жобаларды уақтылы және сапалы орындау мәселесін талқылады. Ол сапар қорытындысы бойынша аудан тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға ықпал ететін бастамаларды белсенді бақылау мен қолдаудың маңыздылығына тоқталды.

Бөлісу