Сенат депутаттары АХҚО қызметімен танысты және оның Қазақстан экономикасына қосқан үлесіне куә болды
Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары «Астана» халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) болды. Сапар барысында орталықтың дамуы мен негізгі қызмет бағыттары талқыланды және инвестиция тарту, «жасыл» қаржыны дамыту және стартаптарды қолдау бойынша атқарылған жұмыстар таныстырылды.
АХҚО-ның Сот және Арбитраж орталығының, сондай-ақ орнықты инвестициялар нарығын белсенді дамытып отырған «Жасыл» қаржы орталығының қызметіне баса назар аударылды. 2024 жылы Қазақстандағы «жасыл» облигациялар көлемі 3,5 есеге артты. Депутаттар сонымен қатар АХҚО-ның цифрлық активтер мен инновациялық технологиялар саласындағы бастамаларымен танысты.
Депутаттар сапар қорытындысы бойынша АХҚО-ның жетістіктерін атап өтіп, оны инвестиция тарту және Қазақстанның қаржылық инфрақұрылымын жетілдіру бойынша маңызды алаң ретінде одан әрі дамытуға қолдау білдірді.