Сенаторлар Батыс Қазақстан облысында кәсіпорындардың ұжымдарымен бірге АЭС құрылысының негізгі мәселелерін талқылады
Депутаттар
Ләззат Рысбекова мен Арман Өтеғұлов Батыс Қазақстан Құрылыс материалдары
корпорациясы мен Батыс Қазақстан машина жасау компаниясының ұжымдарымен
кездесті. Жүздесуге қатысушылар атом электр станциясын салу мен пайдаланудағы
негізгі мәселелерді, оның ішінде қауіпсіздігі мен одан әрі қызмет көрсету,
жергілікті мамандардың құзыреті, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашу мен электр
энергиясын өндіру көлемін талқылады.
Сенатор Арман Өтеғұлов өнеркәсіптің,
металлургияның және машина жасаудың дамуы мен қолданыстағы энергостанциялардың
тозуы және өндірістің ұлғаюына байланысты жаңа энергия көздерін іздеу қажеттігі
туындайтынын атап өтті.
«Жыл сайын өнеркәсіп, металлургия және машина
жасау саласы дами түсуде. Пайдаланып отырған энергия станцияларының тозуына,
сондай-ақ кәсіпорындарда өндірістің ұлғаюына және жаңа жобалардың іске асуына
байланысты жаңа энергия көздерін қарастыру қажеттігі туындап отыр. Одан басқа,
электр энергиясының едәуір бөлігі Қазақстанға сырттан келеді, бұл ұлттық
энергетика жүйесін сыртқы қауіптер мен жаһандық энергетикалық нарықтағы
өзгерістер алдында әлсіз күйде қалдырады», - деді Арман
Өтеғұлов.
Депутат Ләззат Рысбекова халық пен
экономиканың өсуі электр энергиясына сұраныстың арта түсуіне әкелетінін атап
өтті. Осыған байланысты атом электр станциясы энергия тапшылығы мәселесінде
мүмкіндігі зор шешім ретінде қаралып отыр.
«Өнеркәсіп өндірісі немесе әлеуметтің игілігі
ретінде, жалпы кез-келген дамуда энергия негізгі шарттардың бірі болып
табылады. Еліміздің бұдан былайғы экономикалық дамуы мен халықтың өсуі
болашақта электр энергиясына сұраныстың ұлғая түсуіне әкеледі және барған сайын
осы ресурсты көбірек талап етеді. Атом электр станциясы ондай жағдайда
азаматтарды энергиямен жеткілікті қамтамасыз ете отырып, алдағы энергия
тапшылығы мәселесін тиімді шеше алатын болады. Алайда, Атом энергиясы жөніндегі
халықаралық агенттіктің талаптарына қатаң сәйкес атом электр станцияларын салу
және пайдалану кезеңдерінде Үкімет алдында жүзеге асуы тиіс толық қауіпсіздікке
кепілдік беру жөніндегі маңызды міндет тұр», - деді Ләззат
Рысбекова.