"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы"
Құрметті Төраға!
Құрметті депутаттар!
Азаматтарға тұрғын үй мәселесін шешудің қолжетімді құралдарын ұсыну мемлекеттің басты әлеуметтік міндеттерінің бірі болып табылады.
Тұрғын үй саясаты үнемі жетілдіріліп отырады және оның шаралары әртүрлі ипотекалық бағдарламаларды іске қоса отырып, тұрғын үй құрылысын дамытуды және нормативтік заңнамалық актілерді өзгертуді де көздейді.
Халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі Мемлекет Басшысының ерекше назарында.
Мемлекет Басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Қазақстан Республикасының тиісті Заң жобасы әзірленді.
Анықтама ретінде:
- 2020 жылғы 11 мамырдағы Мемлекет басшысының төтенше жағдай бойынша мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында сөйлеген сөзі: Үкіметке жыл соңына дейін «Тұрғын үйг кезекке қоюды, оны жүргізуді, бөлуді орталықтандырылған түрде жүзеге асыратын «Қазақстанның тұрғын үй құрылысы жинақ банкі» негізінде «Отбасы банк» толыққанды даму және қолдау институтын құру керек.»
2 Слайд
Қолданыстағы заңнама бойынша азаматтарды тұрғын үй есебіне қою және оны жүргізу, сондай-ақ тұрғын үйді бөлу мен беру жөніндегі функцияларды жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.
Бұл ретте тұрғын үй кезегіне дұрыс қоймау және оны заңсыз беру, тізімді уақтылы жаңартпау сияқты басқа да заңға қайшы әрекеттер орын алып тұрады.
Мұның бәрі тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік саясатқа халықтың наразылығын туғызады.
Заң жобасы шеңберінде жергілікті атқарушы органдардың жоғарыда айтылған функцияларын Отбасы банкіне беру көзделген.
Сонымен қатар, қолданыстағы заңнамаға сәйкес тұрғын үйге мұқтаждықтың негізгі критерийлері белгілі бір санатқа жату болып табылады.
Бұл ретте Заң жобасында тұрғын үй кезегіне қою үшін белгілі бір санатқа жату талабы алынып тасталды.
Мұндай құқықты тұрғын үйі жоқ барлық кәмелетке толған азаматтарға беру ұсынылады.
Отбасы банкі базасында барлық азаматтар есепке тұра алатын Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылады.
Отбасының цифрлық портреті азаматтардың табыс деңгейін және мүліктерін ашып көрсетеді.
Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы барлық мемлекеттік базалармен интеграцияланған бірыңғай ақпараттық база болатын болады.
Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығын құру «тұрғын үйге мұқтаж» мәртебесін растау, кезекке тұру, содан кейін несие алу үшін банкке жүгіну сияқты бірнеше инстанцияларға баруға жол бермейтін «бір терезе» қағидатын қолдануға мүмкіндік береді.
Слайд 3
Бұл ретте кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде қалады. Оны олар тұрғын үй салу және сатып алу арқылы іске асыратын болады.
Осы мақсаттар үшін Отбасы банкінің жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылы бойынша түзетулер енгізілді.
Жергілікті атқарушы органдар азаматтарға мемлекеттік қолдау шараларын алуы үшін ақпараттық, консультациялық, әдістемелік қолдау көрсететін болады, сондай-ақ Отбасы банкінің ақпараттық жүйесіне кіруге рұқсаты болады.
Мұндай қолдау Отбасы банкінің филиалдары жоқ елді мекендерде де көрсетілетін болады.
Уәкілетті орган, яғни біздің Министрлік тарапынан Отбасы банкінің қызметіне мониторинг жүргізетін болады.
Слайд 4
Сонымен қатар, Заң жобасы шеңберінде тұрғын үй заңнамасын бұзғаны үшін Отбасы банкінің жауапкершілігі көзделген, яғни Отбасы банкінің қызметкерлері өз қызметтік міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін қолданыстағы заңнамада, оның ішінде Әкімшілік және Қылмыстық кодекстерде көзделген жауаптылықта тартылады.
Анықтама: Отбасы банкі қызметкерлерінің іс-әрекетіне ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамаға сәйкес Отбасы банктің лауазымды тұлғалары мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдар деп танылады және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңына сәйкес жауапты болады.
Сондай-ақ, Отбасы банкі қызметкерлері есепте тұрған азаматтардың дербес деректерін жоғалтқаны, бергені немесе заңсыз жария еткені үшін жауапты болады.
Анықтама: ҚК-нің 147-бабына сәйкес өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, жеке деректер туралы заңнаманы бұзғаны үшін адамдардың бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жауапкершілігі көзделеді.
Слайд 5
Бұдан басқа жаңа модельге сәйкес тұрғын үйді бөлу есепке қою күніне және табыс деңгейіне байланысты жүзеге асырылатын болады.
Осылайша, бұл принцип барлық азаматтар арасында тұрғын үйді әділ бөлуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, кезекте тұрғандарға табыс деңгейіне байланысты жалдау ақысын субсидиялау, арендалық және кредиттік тұрғын үй немесе сертификаттар ұсынылатын болады.
Бұл ретте азаматтардың тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары бір рет берілетінін атап өту қажет.
Слайд 6
Бұдан басқа, Ұлы Отан соғыс ардагерлерімен, жетім балалармен, көп балалы отбасылармен қатар арендалық және кредиттік тұрғын үй алуға бөлінетін жыл ішінде бірінші кезектегі құқықты бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға, мүгедектігі бар балалары тәрбиелеп отырған отбасыларға беру ұсынылады.
Бұл ретте жоғарыда аталған санаттағы азаматтарға, сондай-ақ ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге, басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, жесірлерге тұрғын үйдің жалпы көлемінің кемінде 70%-ы берілетін болады.
Бұл жаңашылдықтар барлық азаматтар үшін мемлекеттік қолдау шараларын әділ бөлу қағидатын толық көлемде қолдануға мүмкіндік береді деп санаймыз.
Слайд 7
Қолданыстағы заңнама бойынша сатып алу құқығынсыз берілген арендалық үйлер, сондай-ақ авариялық тұрғын үйдің орнына берілген үйлер жекешелендіруге жатпайды.
2017 жылдан бастап әкімдіктерге республикалық бюджеттен сатып алу құқығынсыз арендалық тұрғын үй салуға қайтарымсыз негізде 418 млрд. теңгеден астам қаражат бөлініп, барлық өңірлерде 51 мыңнан аса пәтер салынды.
Бұл тұрғын үйлерде негізінен көпбалалы отбасылар, жетім балалар сияқты басқада халықтың әлеуметтік осал топтары тұрады.
Заң жобасымен мұндай тұрғын үйлерді қалдық құны бойынша сатып алу құқығын беруді және кейіннен тек сатып алу құқығымен беруді ұсынылады.
Жекешелендіру тәртібі өзгеріссіз қалады. Азаматтар
30%-дық бастапқы жарна салып, 10 жылға дейін бөліп төлеу мүмкіндігімен қалдық құны бойынша жекешелендіре алады.
Слайд 8
Заң жобасында мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді атқару, сондай-ақ адам өмірін құтқару кезінде қаза тапқан азаматтарды құрметтеу мақсатында олардың отбасыларын 1 жылдан кешіктірмей тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделген.
Анықтама: бүгінгі таңда ЖАО-да мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді орындау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың 103 отбасы кезекте тұр.
Бұл шараны іске асыруды жергілікті атқарушы органдар өз есебінен жүзеге асыратын болады.
Бұл ретте бұл көмек тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған азаматтарға көрсетілетін болады.
Бұл тұрғын үйлерді жекешелендіру жалпы негізде жүзеге асырылатын болады.
Слайд 9
Сондай-ақ заң жобасы шеңберінде азаматтардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында мынадай қосымша шаралар көзделген:
- жетім балалардың, көп балалы отбасылардың, толық емес отбасылардың, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың, жесірлердің балаларының кәмелетке толуына не олардың қайтыс болуына байланысты мәртебесі өзгерген жағдайда олардың кезектілігін сақтау;
- жеке тұрғын үй қорынан алынған тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялауға арналған шоттарды қорғау;
- мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға қосымша бөлме бөлу.
Мұның бәрі азаматтардың тұрғын үй құқықтары мен мүдделерін қорғауда оң усерін тигізетін шаралар.
Құрметті депутаттар, Заң жобасын қабылдау халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің тиімділігін арттыруға және оны алу жолдарын оңтайландыруға, сондай-ақ азаматтардың барлық санаттары арасында тұрғын үйді әділ бөлудің бірыңғай принципін енгізуге мүмкіндік беретінін атап өткім келеді.
Назарларыңызға рақмет!