Сенаторлар Нұртөре Жүсіп пен Жанна Асанова Алматы қалалық Психикалық денсаулық орталығында болды
Сенат депутаттары Нұртөре Жүсіп пен Жанна Асанова жұмыс сапарымен Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының Психикалық денсаулық орталығына барды. Сапар барысында депутаттар мекеменің материалдық-техникалық базасымен және тұрғындардың психикалық саулығын сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Мекеме басшылығымен және қызметкерлерімен кездесуде Нұртөре Жүсіп қазіргі заманғы әлеуметтік және ақпараттық сын-қатерлер, эмоционалдық жүктеменің артуы және өмір ырғағының жеделдеуі жағдайында психикалық денсаулық мәселесі ерекше мемлекеттік маңызға ие болып отырғанын атап өтті. Мемлекет ұлт саулығын нығайтуға, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ денсаулық сақтаудың адамға бағдарланған моделін қалыптастыруға бағытталған ауқымды реформаларды жүйелі түрде жүзеге асыруда.
«Бүгінгі таңда жасөспірімдер мен жастар арасындағы суицид мәселесі өте өткір тұр. Бұл — тек денсаулық сақтау жүйесін ғана емес, сонымен бірге білім беру, әлеуметтік қорғау, отбасы және тәрбие салаларын қамтитын заманауи қоғамның ең алаңдатарлық әрі нәзік мәселелерінің бірі. Мемлекет үшін бұл дертпен күресу — адами капиталды, ел болашағын және ұлттық қауіпсіздікті сақтаумен тікелей байланысты стратегиялық міндет. Осыған байланысты мемлекеттің күш-жігері ерте алдын алуды, дағдарыстық психологиялық көмекті, қолжетімді психотерапияны дамытуға, сондай-ақ қиын жағдайға тап болған балалар мен жастарды дер кезінде анықтауға мүмкіндік беретін ведомствоаралық іс-қимылды қалыптастыруға бағытталған. Бұл ретте сіздердің орталықтарыңыз сияқты мамандандырылған психологиялық және психикалық денсаулық орталықтарының рөлі өте зор», — деді Нұртөре Жүсіп.
Өз кезегінде Жанна Асанова психиатриялық және психологиялық көмек жеке тұлғаны құрметтеу, пациенттің құқықтарын қорғау және оның әлеуметтік интеграциясы принциптеріне негізделген жалпы денсаулық сақтау жүйесінің ажырамас бөлігі ретінде қарастырылатынын атап өтті. Қазіргі таңда амбулаториялық көмек мүмкіндіктері кеңейіп, мультидисциплинарлық командалар енгізілуде, сондай-ақ адамның өмір сүру сапасын қалпына келтіруге бағытталған оңалту бағдарламаларының маңызы артып келеді.
«Алматы қалалық Психикалық денсаулық орталығы емдеу, кеңес беру, психотерапиялық және оңалту көмегін ұштастыра отырып, маңызды миссияны орындап отыр. Сіздердің жұмыстарыңыздың нәтижесінің артында нақты адамдардың тағдыры, отбасылардың, әсіресе дағдарысты еңсеруге, өмірін сақтап қалуға және ішкі тірегін табуға көмектесіп жатқан балалар мен жастардың тағдыры тұр», — деді Жанна Асанова.
Сонымен қатар, парламентарийлер психикалық денсаулықты сақтау жүйесін дамыту мәселелеріне парламенттік деңгейде де баса назар аударылып жатқанын жеткізді. Бұған дейін Сенат басшылығы Астана қаласының Психикалық денсаулық орталығында болып, ондағы медицина қызметкерлерімен және пациенттермен кездескен болатын. Ашық диалог барысында мамандардың күнделікті жұмысында кездесетін нақты проблемалар: жоғары кәсіби жүктеме, эмоционалдық жану, жабдықтарды жаңарту қажеттілігі және т.б. мәселелер айтылды. Алматыдағы бүгінгі кездесу — мемлекет пен кәсіби қоғамдастық арасындағы осы сындарлы диалогтың қисынды жалғасы.
Сапар қорытындысы бойынша орталық басшылығы мен ұжымы қолданыстағы емдеу әдістерін жаңарту, оңалту бағдарламаларын кеңейту және нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру мәселелері бойынша өз ұсыныстарын білдіріп, психологиялық және психиатриялық көмек жүйесін одан әрі дамыту туралы ойларымен бөлісті.