Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы жаһандық жылынуға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты іске асыру туралы арнайы келісімді ратификациялау туралы Қазақстан Республикасы Заңының жобасы
Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың 2021 жылғы 26 мамырдағы
№ 21-01-7.10 хаттамалық тапсырмасының 4.6-тармағын және 2022 жылғы
2 наурыздағы № 22-01-7.4 хаттамалық тапсырмасының 8.1-тармағын орындау үшін 2022 жылғы 30 қарашада Қазақстан Республикасының Үкіметі Француз Республикасының Үкіметімен жаһандық жылынуға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты іске асыру туралы арнайы келісімге (бұдан әрі – Арнайы келісім) қол қойды.
Арнайы келісімнің мақсаты Қазақстан Республикасының аумағында жаңартылатын энергия көздері (бұдан әрі – ЖЭК), орнықты даму саласындағы ірі жобаларды ілгерілету, әзірлеу және іске асыру арқылы Тараптар арасындағы жаһандық жылынуға қарсы күрестегі ынтымақтастықты жүзеге асыру болып табылады. Атап айтқанда, Арнайы келісім Тараптардың энергетикалық қауіпсіздік, экологиялық таза технологияларға көшу және шығарындыларды азайту саласындағы мақсаттарына, басымдықтары мен міндеттемелеріне қол жеткізуге жәрдемдесе алатын жобаларды ілгерілетуге бағытталған.
Арнайы келісім шеңберінде Жамбыл облысындағы Мирный кентінің маңында жалпы қуаты 1 ГВт жел энергиясын пайдаланатын жел электр станциясының жобасын (бұдан әрі – жоба) салу жоспарлануда.
Энергия жүйесінің қауіпсіз және орнықты жұмысын қамтамасыз ету үшін инвестор жобаны іске асыру шеңберінде электр энергиясын сақтау және теңгерімсіздіктерді реттеу жөніндегі тетікті іске асыратын болады.
Жобаны іске асыру ЖЭК секторын дамытуды жалғастыруға, 2030 жылға қарай 15 %-ға қол жеткізуді көздейтін ЖЭК дамуының қабылданған нақты нысаналы индикаторларына қол жеткізуге, сондай-ақ жыл сайынғы көмірқышқыл газының (С02) шығарындыларын кем дегенде 2 млн тоннаға қысқартуға мүмкіндік береді.
Жобаны іске асыру шеңберінде 250-ге дейін тұрақты жұмыс орны, 2500-ге дейін уақытша жұмыс орны құрылады, шамамен 820 миллиард теңге инвестиция тартылады, сондай-ақ қосымша 3600 млрд кВтсағ жасыл энергия өндіріледі.
«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы жаһандық жылынуға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты іске асыру туралы арнайы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын (бұдан әрі – Заң жобасы) қабылдау әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және өзге де салдарға әкеп соқпайды, республикалық бюджеттен қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді, сондай-ақ оның ережелері ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге әсер етпейді.