Сенат депутаты Ә. Нәутиев жариялаған Атырау облысының әлеуметтік – экономикалық дамуына байланысты бірнеше проблемалық мәселелер жөніндегі депутаттық сауалы
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә.А. Смайыловқа
Құрметті Әлихан Асханұлы!
Мемлекет басшысы 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арналған Жолдауында үкіметке агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиістігін атап өткен болатын. Президент экономиканың тұрақты өсуі салық саясатының түсінікті және болжауға болатындай етіп жүргізілуіне тікелей байланысты екендігіне де тоқталды. Келесі маңызды мәселе – мәселе – білім беру жүйесі. Мемлекет басшысы бұл сала ұлт сапасын жақсарту ісінде аса маңызды рөл атқаратыны туралы ерекше тоқталып өтті.
Жыл басында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы
М.С. Әшімбаевтың Атырау облысының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарымен және қоғам өкілдерімен кездесу кезінде, облыстың әлеуметтік – экономикалық дамуына байланысты бірнеше проблемалық мәселелер көтерілген болатын.
Соның ішінде Атырау облыстық мәслихатының депутаттары аймақ үшін мынадай маңызды мәселелерге назар аударды:
Бірінші. Еліміздің ішкі нарығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің көптеген түрлері бойынша, оның ішінде дәстүрлі түрде отандық кәсіпорындарда өндірілген азық-түлік тауарларының түрлері бойынша импортқа тәуелділіктің жоғары деңгейі әлі де сақталып отыр. Мәселен, Сауда және интеграция министрлігінің мәліметіне сәйкес, халықтың жалпы тұтынуына сүйене отырып, бүгінгі күні негізгі импортқа тәуелді тауарлар қатарында – қант, тауық еті, ірімшік және сүзбе, сары май, күнбағыс майы, макарон өнімдері, маусымаралық кезеңде қырыққабат және пияз.
Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 9 атауы бойынша импортқа тәуелділік 16,2 % - дан 55,9 % - ға дейін және қант бойынша импортқа тәуелділік шамамен 90 % - дан асуы байқалуда.
Осыған қоса, Еуразиялық экономикалық одақ нарығындағы ауыл шаруашылығы тауарларының негізгі жеткізушілері Беларусь Республикасы мен Ресей Федерациясы болып табылады. Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы тауарларын жеткізудің жалпы көлемінде
5,7 % - ды алып отыр.
Жасырын емес, Қазақстанға көршілес елдерден азық-түлік өнімдері, оның ішінде ауылшаруашылығы өнімдері көптен тасымалданады. Алайда, олардан келіп, шекарадан тексеріліп өткен өнім еш кедергісіз саудаға шығарылады.
Біздің шаруагерлердің де Ресейге өз өнімдерімізді шығаруға мүмкіндігіміз бар. Дегенмен, бізден оларға шығарылған өнім өзімізден лабораториядан тексеріледі, шекарадан тексеріледі, одан кейін 15-20 күндеп ол елдердің лабораториясынан тексеріледі. Бұл өз халқының денсаулығын қорғау үшін қолданып отырған шара екені белгілі.
Сондықтан, көршілес елдерден келетін өнімді де, тек олардан өткен тексеруге негіздемей Қазақстандық лабораториядан халық денсаулығына зиянды әсеріне қатысты тексеру қажет деп есептейміз.
Себебі, сарапшылардың пікірінше, Ресейдің ауылшаруашылығы өнімдеріне ол егін болсын, мал болсын әртүрлі биохимиялық қоспалар көптен пайдаланатыны туралы фактілер бар. Бұл қоспалардың онкологиялық ауырулар туғызу қауіпі өте жоғары.
Екінші. Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан 2024 жылға ірі қараға бөлінетін субсидия қысқартылып отыр.
Атап айтқанда, бұл субсидия тек ерекше жағдайларда ғана бөлінеді. Ол үшін – төтенше жағдай жариялануы тиіс. Өзіңізге белгілі төтенше жағдай жариялау талаптары жауапкершілікті талап етеді және ондай жағыдай жылда туындамауы мүмкін.
Осыған орай, табиғаты шөлейт, жері сортаң, шабындық жері жоқ, тек жайылымдық жерлерден тұратын Атырау, Маңғыстау облыстары үшін бұл субсидияның қажеттілігі аса жоғары. Ата кәсіп мал шаруашылығы, аймақ тұрғындары үшін өзін-өзі жұмыспен қамту және аймақ үшін азық-түлік белдеуін жасақтауға аса маңызды. Сол себебті аталған мақсаттағы субсидияның төлену жолдарын басқаша шешу сұралады.
Үшінші. Үкімет тарапынан мемлекеттік сатып алу Заңын жаңа редакцияда қабылдау жоспарлануда. Жаңа мемлекеттік сатып алу заңнамасына жергілікті кәсіпкерлерге басымдық беру ұсынысы, тек белгілі бір салаларда мысалы құрылыс ғана емес, жер қойнауын пайдаланушы кәсіпкерлерге де қатысты қаралса. Себебі жергілікті жерге келіп жұмыс жасаған жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындар барлық салығын өзі тіркелген аймаққа төлейді.
Сондықтан, белгілі бір аймаққа жұмыс жасауға келген жер пайдаланушы кәсіпорындар жергілікті жерде филиалын ашып, осы жерге салық төлеуші ретінде тіркелуді міндеттейтін нормалар қарастырылса.
Төртінші. Бүгінде білім беру саласында педогогтердің статусы туралы заң қабылданды. Жалақы кезең-кезеңмен өсіп келеді, алайда осы білім беру ұйымдарына басшылық жасайтын директорлар мен орынбасарларының еңбек ақысы ұстаздарға қарағанда төмен деңгейде.
Қазіргі таңда білім беру ұйымдарының басшыларына жүктелген жауапкершілік пен жүктемені ескерсек, олардың алатыны (7-11 жыл еңбек өтілі бар тұлға) жалақысы 230 мың теңге ғана.
Осындай жалақының төмен болуынан Атырау облысы бойынша жалпы білім беретін мектеп директорларының 31, балабақша директорларының 22 бос вакансиясы тұр.
Сондықтан, бұл санаттағы мамандардың жалақыларын көтеруге мүмкіндік жасалса.
Құрметті Әлихан Асханұлы!
Жоғарыдағы мәселелердің оң шешілуіне ықпал етіп, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес, Сізден жоғарыда көтерілген мәселелер бойынша толық жазбаша жауап беруді сұраймыз.
Құрметпен,
Ә. НӘУТИЕВ
С. ЛҰҚПАНОВ