Атырау облысындағы бірқатар бюджеттік инвестициялық жобаларды қаржыландыру мәселелері туралы Ә.И. Нәутиевтің депутаттық сауалы
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О.А. Бектеновке
Құрметті Олжас Абайұлы!
Мемлекет басшысы жуырда жария еткен «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты жолдауында:
«Бізде республикалық бюджеттің кіріс бөлігі орындалмай жатыр. Бюджет қаржысын тиімді пайдаланып, оның шығыс бөлігін шектеп, қатаң бақылауда ұстаған жөн. Үкімет бюджет тапшылығының орнын толтыратын қаржы көзін табу үшін тиімді компенсациялық тәсілдер ойластыруы қажет», - деп атап өткен болатын.
Бүгінгі күні құрылыс материалдарының, қызмет түрлерінің қымбаттауынан және де қолданыстағы жұмыс жобасына кейбір қызмет түрлерінің енгізілмей қалуынан бірқатар бюджеттік инвестициялық жобалардың сметалық құнының өсуі орын алып отыр.
2021-2024 жылдар аралығында Атырау облысы бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімгерлерінен бастапқы құны 266 583,5 млн теңгені құрайтын 148 бюджеттік инвестициялық жоба түзетуге ұсынылған.
Ал бұл жобалардың сметалық құны ұлғаю есебінен 409 277,9 млн теңгені құрап отыр (өсім – 142 694,4 млн теңге), түзету енгізілгеннен кейін жергілікті бюджеттен 59 393,8 млн теңге бөлінді.
Тек қана 2024 жылдың ішінде құны 24 865,1 млн теңгені құрайтын
22 жоба қымбаттау есебінен 46 082,5 млн теңгеге өсіру ұсынылып отыр
(өсім – 21 217,4 млн теңге), оның ішінде 19 жобаға түзету енгізілуде.
Тәжірибе көрсетіп отырғандай, жоба құнының алғашқы бекітілген құнынан 2 немесе одан да көп есе өскен жағдайлар кездесуде.
Бұл ретте бірқатар жобаларды атап өтуге болады:
- «Атырау қаласында кәріздік тазалау ғимаратын қайта жаңғырту» жобасы бойынша бастапқы жобалау құны 21 387,7 млн теңге, түзету енгізілгеннен кейінгі сомасы 41 947,7 млн теңге (өсім – 20 5870,0 млн теңге,
2 есеге жуық);
- «Құрманғазы ауданы Дәшін ауылының кірме және ауылішілік жолын (тратуармен қоса) қайта жаңғырту» жобасы бойынша бастапқы құны
1 802,4 млн теңге, түзету енгізілгеннен кейінгі құны 7 891,7 млн теңге
(өсім – 6 089,3 млн теңге, 4,3 есе);
- «Атырау қаласында автомобиль жолдарын салу (Нұрсая ықшам ауданы № 16 көшенің бойында Бейбарыс даңғылына шығумен және Әбілхайыр хан даңғылына өтетін жол салу» жобасы бойынша бастапқы құны
1 513,0 млн теңге, түзету енгізілгеннен кейінгі құны 5 580,2 млн теңге
(өсім – 4 067,2 млн теңге, 3,7 есе);
- «Атырау қаласында электр желісімен жабдықтау» жобасы бойынша бастапқы құны 1 280,9 млн теңге, түзету енгізілгеннен кейінгі құны
8 271,2 млн теңге (өсім – 6 990,3 млн теңге, 6,4 есе).
Сонымен қатар, Бюджет кодексінің 46-бабына сәйкес, жоғары тұрған бюджеттен нысаналы даму трансферттері есебінен іске асырылатын жергілікті бюджеттік инвестициялардың сметалық құнын ұлғайтуға байланысты шығыстар тиісті жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатыны көзделген.
Бұндай жағдайда жергілікті бюджетке орасан зор жүктеме түсетіні белгілі.
Құрметті Олжас Абайұлы!
Жергілікті бюджеттің мүмкіндігінің шектеулі екенін ескере отырып, түзету енгізілген жобалардың ұлғайтылған (өскен) сомасын республикалық бюджеттен қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз.
Бұл мәселе Атырау облысында ғана емес, еліміздің барлық өңірлерде ұзақ уақыт бойы орын алып, шешімін таппай келе жатқанын ескере келе, жаңа Бюджет кодексінің жобасында осы мәселені шешуге бағытталған нормаларды енгізу қажеттігін атап өткіміз келеді.
Сондай-ақ, жоба республикалық бюджеттен берілетін трансферттер есебінен іске асырылған жағдайда, жобалау-сметалық құжаттаманы түзетуге байланысты шығыстарды жергілікті бюджет қаражатынан қаржыландыру туралы норманы Бюджет кодексінен алып тастау ұсынылады.
Жоғарыдағы мәселелердің оң шешілуіне ықпал етіп, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес, Сізден жоғарыда көтерілген мәселелер бойынша толық жазбаша жауап беруді сұраймыз.
Құрметпен,
Ә. НӘУТИЕВ
С. ЛҰҚПАНОВ