Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Депутат Әлібек Нәутиевтің «МӘСЛИХАТТАРДЫҢ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ ЖӘНЕ ЖЕРГІЛІКТІ ӨЗІН-ӨЗІ БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ РӨЛІ: ТАРИХЫ, БҮГІНІ ЖӘНЕ БОЛАШАҒЫ» тақырыбындағы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты жанындағы Жергілікті өкілді органдармен (мәслихаттармен) өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысындағы баяндамасы

03.04.2025 173

2025 жылдың 3-4 сәуір аралығында өтетін

«МӘСЛИХАТТАРДЫҢ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ ЖӘНЕ ЖЕРГІЛІКТІ ӨЗІН-ӨЗІ БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ РӨЛІ: ТАРИХЫ, БҮГІНІ ЖӘНЕ БОЛАШАҒЫ»

тақырыбындағы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты жанындағы Жергілікті өкілді органдармен (мәслихаттармен) өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысына Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшесі, депутат Ә.И.Нәутиевтің «Өңірлердің экономикасы» атты баяндамасы.

 

 

Құрметті әріптестер!

 

Өңірлерді дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды басымдығы болып табылады. Өңірлік саясат халықтың тыныс-тіршілігі үшін тең жағдайлар жасауға және елдің орнықты дамуына қол жеткізуге бағытталған.

Өңірлік саясатты жетілдіру мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, бірқатар шаралар қабылдануда. Олар әкімдердің тікелей сайлауын өткізу, әкімшілік реформа, бюджет аралық қатынастарды өзгерту, әкімшілік-аймақтық құрылыстағы нақты өзгерістер және т.б.

Өздеріңізге мәлім, өңірлердегі экономикалық даму әрдайым біркелкі жағдайда жүрмейді, сондықтан олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жағдай жасау, өңірлердің теңгерімді дамуының негізі болып табылады. Бұл, бірінші кезекте қажетті заңнамалық базаны құру екені сөзсіз.

Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің заң шығару қызметі жоғарыда айтылған міндеттерді шешуге бағытталған. Сенат тарапынан өңірлердің дербестігін арттыруға бағытталған бірқатар Заңдар қабылданды. Олардың кейбіреулерін атап өтейін.

Жергілікті билік деңгейлерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселелері бойынша қабылданған заң, жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқаруды дамыту, жергілікті билік органдарына қосымша функциялар мен өкілеттіктерді беру, сондай-ақ бюджеттік реттеуді жетілдіру мақсатында дайындалған.

Мәселен, Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленіп, бюджеттік процесті түбегейлі жеңілдетуге, бюджеттік саясаттың шекті параметрлерін айқындауға, фискалды орталықтан шығаруды күшейтуге бағытталған.

«Мемлекеттiк сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, шамадан тыс регламенттеуді болдырмауға, сатып алу рәсімдерін одан әрі автоматтандыруға және оңайлатуға, сатып алу бойынша бірыңғай платформа құруға бағытталған.

«Агломерациялар туралы» қабылданған Заңда сол аймақтарды дамытудың кешенді жоспарын әзірлеу, коммуналдық, көлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту проблемалары, сондай-ақ көші-қон процестерін реттеу мәселелері көрініс тапқан.

Сонымен қатар әкімшілік реформаның бірінші кезеңі өткізілді, оның шеңберінде шешімдерді қабылдау кезінде Үкімет және орталық мемлекеттік органдардың жауапкершілігі мен жеделдігін арттыру арқылы мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді орталықсыздандыру жөніндегі тиісті Заң қабылданды.

Ел аумағының даму ерекшеліктеріне байланысты, мемлекеттік реттеудің маңыздылығы аса жоғары. Оның өзекті сипаты ел аймақтырының даму жағдайы әртүрлі болып табылатындығында. Сондықтан мемлекеттің аймақтарды біркелкі дамытудағы ұстанымы мен оны жүзеге асыру механизмін нақты айқындауы ең маңызды мәселе болып табылады.

Жалпы аймақтардағы негізгі проблемалық мәселелері:

  • жұмыссыздық,
  • экологиялық,
  • демографиялық жағдайлар,
  • инфляцияның жоғары болуы,
  • қызметтер көрсету саласындағы мəселелердің күшеюі,
  • шағын және орта бизнес даму деңгейінің төмендігі.

Аталған проблемалық мәселелерді жою үшін, әр аймақтың артықшылығын анықтау, олардың салық-бюджет саясатын қалыптастыру, əлеуметтік-экономикалық даму деңгейлерін теңестіру, əрбір аймақтың даму болашағын жоспарлау, аймақ ресурстарын (еңбек, жер, су, энергетика) ұтымды пайдалану, халықтың жəне экономикалық өмірдің ірі қалаларға шоғырлануы процесін реттеу мәселелерін шешу маңызды болып табылады.

Сондықтан соңғы жылдары жергілікті жерлердегі елді мекендердің дамуына, экономикалық өсуіне, әлеуметтік жағдайына, қаржылық қамтуға, тұрғындардың әл-аухатын көтеруге, инвесторлар тартуға, өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын, шағын және орта бизнесті дамытуға кешенді түрде көңіл бөлінуде.

Бұның нақты мысалдары: ауылдық округтерге 4-ші бюджеттің берілуі, ауыл шаруашылығын дамытуға субсидиялардың бөлінуі, шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан түрлі қолдаулар мен жеңілдіктер жасалуы, заң шеңберінде халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына қосымша төлемдер мен жеңілдіктер қаралуы, инфрақұрылымда жақсартуға баса назар аудару болып табылады.

Өткен отыз жылда шикізат сату арқылы «ақша тауып», содан жасалған дайын тауарларды одан да қымбатқа сатып алуға байланысты ел экономикасының едәуір осалсуын байқауға болады. Нәтижесінде өндіріс пен жаңа технологияларды дамыту, туризм мен еркін сауданы жолға қою, білім беру мен медицина, құрылыс пен ауыл шаруашылығын өркендету мәселесіне басымдық беру мүмкіндігінен айрылдық.

Осы кезеңге дейін аймақтық саясатты жүзеге асыру үшін бірнеше талпыныс жасалып, тиісті Үкімет қаулылары қабылданды. Алайда, өңірлердің негізгі проблемалары әлі де болса түпкілікті өз шешімін таппауда.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында сөйлеген сөзінде түрлі деңгейдегі мәслихат сайлауы өкілді билік органдарының жұмысына тың серпін бергені, сондай-ақ облыстық және аудандық мәслихат депутаттарының 90 пайызы бір мандатты округтен, яғни тікелей дауыс беру арқылы сайланғаны туралы атап өтті. Билік жүйесінде мұндай ауқымды өзгеріс бұрын-соңды болмаған.

Бұған қоса, қазіргі таңда Өңірлерді дамыту тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Құжатта аймақтар арасындағы теңсіздікті жоюға және мекемелер арасындағы өзара іс-қимылды жақсартуға бағытталған тың тәсілдер қарастырылады.

Өңірлердің іс-қимылы нақты салаға жауапты мемлекеттік органдардың республикалық деңгейде атқарып жатқан жұмыстарына сәйкес жүргізілуі қажет.

Осының барлығын ескере отырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жаңа экономикалық саясат мәселесінің түп тамырына терең үңілді. Президент ұсыныстары мен бастамалары кешенділік сипатымен ерекшеленеді. Ел экономикасын шикізатқа деген тəуелділіктен арылту мен оны əртараптандыруға басымдық беріп отыр.

Әрине, бұл мәселені оның тек салалық дамуы тұрғысынан қарау жеткіліксіз екенін, Орталық пен аймақтардың арасындағы айырмашылық бүгін ғана пайда болған мәселе емес екендігін ескертіліп, аймақтық саясатты мемлекеттік саясаттың құрамдас бөлігі және мемлекеттің дамуының маңызды құралы ретінде қарастыру керек екенін атап өтті.

Мемлекет  басшысы «Ендігі жерде өңірлер дамымай, Қазақстанның да мықты болмайтындығын түсінетін кез келген сияқты. Демек, Әділетті Қазақстанды құру үшін пәрменді аймақтық саясат керек-ақ. Ендеше туындаған жағдайды түзету үшін жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға басымдық берген жөн. Сондықтан ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы сонымен бірге ауыл тұрғындарын жергілікті өзін-өзі басқаруға тарту, жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсету, туризмді дамыту, экспортты ынталандыру, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейді» - деп атап өтті.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы мен жоғарыда аталған мәселелерге орай, Экономикалық саясат, иновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті өткен жылдары Астана қаласында, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, облыстарында болып, аумақтың проблемалық мәселелерін зерделеп, 2023 жылғы 1 қыркүйек пен биылғы жылдың наурыз айы аралығында 50 іс-шара (Үкімет сағаты-1, парламенттік тыңдаулар-3, дөңгелек үстелдер-18, көшпелі іс-шаралар), сонымен қатар уәкілетті және қызығушы жақтармен (стейкхолдер) кездесулер-24 өткізді.

Аймақтарға барғанда жергілікті жерлерде өндірілген өнімді терең өңдеу, шағын және орта бизнесті дамыту, арнайы экономикалық аймақтар және инфрақұрлыммен қамту мәселесіне баса көңіл бөлінді.  Мысалы: Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығын дамытуға, оның ішінде сүт өнімін өндіріп, өңдеу мәселесіне көңіл бөлінген. Алайда, өндірілген өнімді ел аумағына жеткізу, субсидиялау, жаңа технологияларды алу проблемасы болды. Сонымен қатар Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында өнеркәсіп саласын дамыту, арнайы экономикалық аймақтар, шағын және орта бизнес, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, өнімді терең өңдеу мәселелері бойынша туындаған проблемалық мәселелер, кейінгі өткізілген дөңгелек үстел отырыстарында кеңінен талқыланып, тиісті уәкілетті органдарға бірқатар ұсыныстар берілді.

Атап айтқанда:

- орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өңірлердің әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы, өңірлік, бюджеттік-салық саясатын жетілдіру, басқару деңгейлері арасында өкілеттілікті тиімді бөлу, энергетика салаларындағы мәселелерді шешу;

- облыстардағы арнайы экономикалық аймақтарда орналасқан шағын және орта бизнес субъектілерін инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, олардағы басқарушы компаниялардың құқықтық мәселелерін шешу, арнайы экономикалық аймақтарда құрылыс қалдықтарын қадеге жарату және есептен шығару стандарттары мен нормаларын бекіту бойынша нормативтік құжаттар әзірлеу, салықтық жеңілдіктер мен преференциялары бар компаниялар үшін қарсы міндеттемелер белгілеу;

- жергілікті өнім өндірушілерді шикізатпен қамтамасыз ету, жоғары технологиялық өнім өндіретін кәсіпорындарға мемлекеттік қолдауды екпіндету, әкімшілік, нормативтік және қаржылық кедергілерді болдырмай, өңдеу
өнеркәсібі кәсіпорындарын инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға уақтылы және тең қолжетімділігін қамтамасыз ету;

- ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын қарау, топырақтың құнарлығы деңгейіне және жемшөп базасының болуына негізделген өңірлердің мамандануын ескере отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемін ұлғайту, субсидиялаудың қолданыстағы тетіктерін кеңейту жөнінде нақты шаралар әзірлеу;

- ауылдық елді мекендерге, ветеринарлық пунктерге, мал қорымдарына, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарына және басқа да маңызды орындарға арналған объектілер мен қызметтердің Өңірлік стандарттардың қолданыстағы жүйесін қайта қарау;

- экспортқа шығарылатын шикізаттық емес тауарлар мен қызметтерді ілгерлетуде отандық өндірушілерді қолдау, Салық кодексіне орта кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыруға бағытталған нормаларды енгізу, арнайы салық режимдерінің санын қысқарту, қосылған құн салығын қоса алғанда, экономиканың басым салаларына байланысты салық жүктемесін саралау.

Бұл ұсыныстар мен аймақтарда көтерілген мәселелердің бүгінде бірқатары өз шешімін тауып, шешімін күткен мәселелер Сенат депутаттарының бақылауында.

Сонымен қатар, аймақтар бойынша тағы бір проблемалық мәселе бұл әрбір аймақ мемлекеттік жоспарлау жүйесіне кіретін, өзінің «Кешенді әлеуметтік-экономикалық даму жоспарларын» әзірлейді және ол жоспар мәслихат сессиясында бекітіледі. Аталған жоспар, аймақтың даму мәселелерін жедел шешуге арналған іс-шаралар жиынтығын қамтитын құжат болып табылады. Алайда, республикалық бюджетті қалыптастыру және оны нақтылау кезінде аймақтардың шешімін күткен, осы жоспарға енген мәселелер толық ескерілмейді.

Яғни, өңірлердің аталған жоспарына енгізілген, Үкіметпен бекітілген іс-шараларды іске асыру, республикалық бюджетті нақтылау жөніндегі ағымдағы заң жобасымен байланыстырылмайды. Сондықтан комитет атынан өңірлік сипаттағы шығыстарды жоспарлау кезінде Үкіметте жүйелі жұмыс қажеттілігі жөнінде ұсыныс берілді.

Сонымен қатар, барлық жерде бірдей игілік пен қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ете отырып,  ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту, ауыл әкімдерінің  кіріс базасын кеңейту мәселелерін пысықтау, бюджеттен тыс қаражат тарту бойынша әкімдік жұмысына индекаторларды айқындау мәселелерін шешу міндеті қойылды.

 

Құрметті әріптестер!

Жоғарыда атап өтілгендей аймақтардың біртұтас жүйе ретінде даму стратегиясы болған жағдайда ғана мемлекетіміз қарқынды дамитын болады. Бұл мәселенің оңды шешілуіне Сіздер сайлаған Сенат депутаттары жұмыла қызмет жасауда. Жергілікті жерлерде кездесу кезінде көтерілген аймақтық проблемалық мәселелердің Үкімет тарапынан шешімін табуын заңдылық тұрғыдан қамтамасыз ету мәселелері де ұдайы назарда.

 

Бөлісу