«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне астананы және республикалық маңызы бар қалаларды, ұлттық жобаларды дамыту, кәсіпкерлік және мемлекеттік органдардың функцияларын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» бас Заңы бойынша баяндама
Құрметті Мәулен Сағатханұлы!
Құрметті депутаттар!
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне астананы және республикалық маңызы бар қалаларды, ұлттық жобаларды дамыту, кәсіпкерлік және мемлекеттік органдардың функцияларын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының негізгі мақсаттары астана мен республикалық маңызы бар қалалардың әлеуметтік-экономикалық дамуы, қалалардың инфрақұрылымын дамыту мәселелерін шешу, сондай-ақ «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» Ұлттық жобасының ережелерін іске асыру және мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді орталықсыздандыру болып табылады.
Заңмен 11 кодекс және 47 заңға түзетулер енгізіледі.
Заңның ережелерін шамамен 3 Үлкен блокқа бөлуге болады:
1. Республикалық маңызы бар қалаларды және астананы дамыту.
2. Өткен жылдың желтоқсан айында қабылданған «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру.
3. Мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді орталықсыздандыру.
Бірінші. Республикалық маңызы бар қалаларды, астананы дамыту мақсатында Заңда мынадай негізгі түзетулер көзделеді:
- Республикалық маңызы бар қаланың, астананың дизайн-кодын және оны әкімшілендіру қағидаларын енгізу;
- ғимараттың/тұрғын үйдің меншік иесіне бұзушылықтармен орналастырылған жарнама объектісін бөлшектеу жөніндегі талаптарды қолдану;
- елді мекендердің автомобиль жолдары мен көшелерінің жүріс бөлігінің, жаяу жүргіншілер және велосипед жолдарының тротуарларының, қону алаңдарының, аялдама пункттерінің жабынына сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыруға тыйым салу;
- аудио жарнамаларды ашық кеңістікте таратуға тыйым салу және басқалар.
Елорданың «жасыл белдеуінің» құқықтық мәртебесін айқындау және оның аумағында жасыл екпелердің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында құқықтық мәртебесін нығайтуға және Астананың «жасыл белдеуін» шекараларын тұрақтандыруға бағытталған түзетулер көзделген. Мәселен, Заңда:
- қаланың санитарлық-қорғау жасыл аймағын басқару қағидаларын және оның аумағындағы қызметтің шектеулі режимін бекіту;
- мемлекеттің жүз пайыз қатысуымен заңды тұлғаны анықтау:
қаланың санитарлық-қорғау жасыл аймағын күтіп-ұстау және дамыту үшін;
Астанада автомобиль жолдарының, көшелердің және көше-жол желісінің арнайы трассалары мен оларға іргелес жекелеген учаскелерін тазалау және санитарлық тазалау мақсатында;
- санитарлық-қорғау жасыл аймағының шекараларын өзгертуді Үкімет жергілікті атқарушы органның ұсынысы негізінде жүзеге асырылады;
- экологиялық жүйелердің жай-күйі мен тұрақтылығына, елорданың «жасыл белдеуі» аумағындағы ландшафттардың табиғи көрінісіне теріс әсер ететін қызметтерге тыйым салу (мысалы: мал жаю, үй жануарларын серуендетуге, қоқыс жинақтау, аң аулау және т.б.) көзделген.
Жерді пайдалануды жетілдіру мақсатында келесілерге бағытталған түзетулер көзделген:
- заңсыз меншіктегі жер учаскелерін қайта ресімдеу тәртібін енгізу;
- бұрынғы меншік иесіне оны сатып алу құнын ғана өтей отырып, алып қойылған жерлерді өткізуден түскен табысты бюджетке есепке жатқызу;
- алынған жерлердің нысаналы мақсатын саралау, оларды қала құрылысы қызметіне тарту мүмкіндігін кеңейту және елді мекенді дамыту.
Қалалық инфрақұрылым объектілерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша республикалық маңызы бар қалада, астанада қолжетімді ортаны қамтамасыз етуге бағытталған түзетулер көзделген.
Осы мақсатта республикалық маңызы бар қала, астана әкімдігінің қаланың тұрғын үй секторында қорғаныс конструкциялары мен реттеуші элементтерді (шлагбаумдар мен басқа да қоршаулар) орнату қағидаларын, қолжетімді ортаны қамтамасыз ету қағидаларын және тұрғын үйді жаңарту бағдарламасын әзірлеу және бекіту жөніндегі құзыреті кеңейтіледі.
Заңда елорда әкімдігінің тұрғылықты жері және оның аумағында уақытша болатын (тұратын) жері бойынша тіркеу нормативтерін әзірлеу жөніндегі өкілеттіктерін кеңейту жөнінде түзетулер ұсынылады.
Жол жүрісін ұйымдастыруды ретке келтіру мақсатында Астана және Алматы қалаларында әкімдіктерге жол жүрісін ұйымдастыру орталығын құру және жол жүрісін ұйымдастыру мен реттеу қағидаларын бекіту жөніндегі құзыретті беру көзделеді, ол эвакуациялау мәселелерін, арнайы тұрақтар, алаңдар (айыппұл тұрақтары) мәселелерін қамтитын болады.
Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы қаладағы қозғалысты жоспарлау мен үйлестіруге жауап береді (стратегиялар мен жоспарларды әзірлеу және енгізу).
Бұл түзетулер жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, көше-жол желісінің өткізу қабілетін арттыруға және Астана мен Алматы қалаларының аумағында қоршаған ортаның ластану деңгейін төмендетуге бағытталған.
Екінші блок.
Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру шеңберіндегі түзетулер инженерлік желілердің тозуы мен апаттылығын төмендетуге, электр және жылу энергиясының тапшылығын болдырмау үшін жаңа генерациялау көздерін жаңғыртуға және салуға бағытталған.
Ұлттық жобаның қаржы операторы табиғи монополиялар субъектілерін қаржыландыру тетіктерін іске асыратын «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы болып табылады.
Техникалық оператор инфрақұрылымды жаңғыртуды іске асыру сапасына жауап беретін Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жаңғырту және дамыту орталығы АҚ жүзеге асырады.
Заңда ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру тетігі, оның ішінде қарыздар бойынша мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау тетігі және құрылыс шарттары бойынша «толық бітіріп берілетін» мемлекеттік міндеттемелерді орындау айқындалған.
«Толық бітіріп берілетін» құрылыс жобалары бойынша қабылданатын мемлекеттік міндеттемелердің көлемі мемлекеттік міндеттемелер лимиттерімен шектелетін болады.
«Толық бітіріп берілетін» құрылыс тұжырымдамасын анықтау және осы механизмінің келісімшарттары түрлерінің ерекшеліктерін нақтылау айқындалады. Мәселен, «толық бітіріп берілетін» құрылыс - бұл объектіні салу және оны пайдалануға беру бойынша жобалық, іздестіру, құрылыс-монтаждау (кеңейту, жаңғырту, техникалық қайта жарақтандыру, реконструкциялау, реставрациялау, күрделі жөндеу) және басқа да жұмыстарды орындауды қамтитын кешенді жұмыстар.
«Толық бітіріп берілетін» құрылыс жобасын іске асырудың есептік құнын қалыптастыруды айқындайтын норма көзделген, ол ғимараттар мен құрылыстарды салу құнының ірілендірілген көрсеткіштерін және басқа да техникалық сипаттамаларды ескере отырып айқындалатын болады.
Заңда ұлттық жобаны сатып алудың жекелеген электрондық платформасын енгізу көзделген, оның шеңберінде жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу, жобалар мен жеткізушілерді іріктеу, шарттар жасасу, қазақстандық тауар өндірушілерден тауарлар сатып алу және офтейк-келісімшарттар жасасу жүзеге асырылады.
Үшінші блок.
Мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді орталықсыздандыру шеңберінде мемлекеттік басқару деңгейлері арасында жекелеген функцияларды беру көзделген:
- Үкімет деңгейінен орталық мемлекеттік органдарға – 9 функция;
- орталық мемлекеттік органдардан жергілікті атқарушы органдарға, мәслихаттарға – 37 функция;
- облыстың жергілікті атқарушы органдарынан аудандардың жергілікті атқарушы органдарына – 17 функция.
Құрметті әріптестер!
Заң нормаларын іске асыру республикалық маңызы бар қалалардың, астананың сәулеттік келбетін жақсартуға, Астананың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін шешуге, сондай-ақ ұлттық жобаның ережелерін іске асыруға мүмкіндік береді.
Баяндалғанды ескере отырып, экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік Комитеті Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Регламентінің 58-тармағына сәйкес «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне астананы және республикалық маңызы бар қалаларды, ұлттық жобаларды дамыту, кәсіпкерлік және мемлекеттік органдардың функцияларын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын бірінші оқылымда мақұлдауды ұсынады.
Қолдауларыңызды сұраймын!