Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мініс және мініс-жегін жылқылардың отандық тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы
Парламент Сенаты депутаттарының бастамасы бойынша «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мініс және мініс-жегін жылқылардың отандық тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Заң жобасы (бұдан әрі – заң жобасы) әзірленді.
Заң жобасының мақсаты ат спортының ұлттық түрлерін дамыту үшін кеңінен қолданылатын мініс және мініс-жегін жылқылардың отандық тұқымдарына мемлекеттік қолдау көрсету арқылы осы тұқымдарды одан әрі дамыту, сақтау және қалпына келтіру, ат спортының ұлттық түрлерін (бәйге, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге алу) дамыту, насихаттау мен оның ішінде шетелде де қазақ халқының мәдениетін, оның салт-дәстүрлері мен өмір салтын насихаттау болып табылады.
Қазіргі уақытта қостанайлық жылқы тұқымы мамандандырылған спорттық бағыттағы және ұлттық ат спорты түрлерін дамыту үшін кеңінен қолданылатын қазақтың спорттық бағыттағы жалғыз тұқымы болып табылады. Халықтың ұлттық қазынасы деп танылады.
Зауыттық жылқы тұқымдары жөніндегі Республикалық палатаның ақпараты бойынша палатада қостанай тұқымының 228 бас жылқысы және 1, 2 ұрпақтың будандары тіркелген.
Заң жобасы 2 заңға («Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы», «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы») өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.
Заң жобасы ұғымдар аппаратына, атап айтқанда «асыл тұқымды мал» және «тұқым стандарты» ұғымдарына түзетулер енгізеді.
Осылайша, асыл тұқымды жануарларға тұқым стандартына сәйкес келетін және Республикалық палатада тіркелген таза тұқымды жануарлар жатады.
Сонымен қатар, фенотиптік және өнімді көрсеткіштерге қойылатын минималды талаптарды ғана емес, сонымен қатар басқа көрсеткіштерді де қамтитын «тұқым стандарты» ұғымдары нақтыланады.
Сондай-ақ, «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» Заңның 16-4-бабына түзету енгізіледі, осылайша асыл тұқымды мал шаруашылығын мемлекеттік қолдау Қазақстан Республикасының аумағында өсірілген мініс және мініс-жегін жылқылардың тұқымдарын асыл тұқымды мал басын ұстауға арналған шығындарды өтеу бөлігінде субсидиялаудың жаңа бағытымен толықтырылады.
Осы заң жобасын қабылдау:
- мініс және мініс-жегін жылқылардың отандық тұқымдарына мемлекеттік қолдау шараларын көрсетудегі бар кедергілерді алып тастауға;
- қостанайлық спорттық бағыттағы жылқы тұқымын сақтау және оның елдегі популяциясының өсуі үшін жағдай жасауға;
- ұлттық ат спорты түрлерін дамытуға, қазақ халқының мәдениетін, дәстүрлері мен өмір салтын насихаттауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.