Сенаторлар ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының отырыстарына қатысты
Сенат депутаттары Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблеясының тұрақты комиссияларының отырыстарына қатысты. Отырыстар Ұйымға мүше мемлекеттер Парламенттері депутаттарының қатысуымен онлайн-форматта өтті.
ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы оған қатысушы елдер арасындағы қауіпсіздік, құқықтық реттеу және әлеуметтік-экономикалық байланыстарды дамыту саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған парламентаралық өзара іс-қимылдың негізгі алаңының бірі болып табылады.
Жұмыс Саяси мәселелер және халықаралық ынтымақтастық, Қорғаныс және қауіпсіздік мәселелері, сондай-ақ Әлеуметтік-экономикалық және құқықтық мәселелер жөніндегі салалық үш комиссия аясында өтті.
Отырыстарға Сенат депутаттары Андрей Лукин мен Алишер Сатвалдиев – Саяси мәселелер және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комиссияның құрамында, Руслан Рүстемов пен Әлібек Нәутиев – әлеуметтік-экономикалық және құқықтық мәселелер жөніндегі комиссияның құрамында, сондай-ақ Сергей Ершов пен Геннадий Шиповских – Қорғаныс және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі комиссияның отырысына қатысты.
Отырыс барысында ҰҚШҰ елдері Парламенттерінің өзара іс-қимылының шарттық-құқықтық базасын нығайту, заңнамалық тәжірибе алмасу, сондай-ақ сыртқы саясат және ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы үйлестіру тетіктерін жетілдіру мәселелері талқыланды.
Қазақстандық сенаторлар Ассамблея аясындағы сындарлы үнқатысудың маңыздылығын айта келіп, ҰҚШҰ мемлекеттерінің сенімін, өзара түсіністігі мен бірлігін нығайтуда парламенттік дипломатия шешуші рөл атқаратынын атап өтті.
Отырыстардың қорытындылары ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының кезекті жалпы отырысында қаралатын ұсыныстарды дайындауда негізге алынатын болды.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: А.Байжұманов)
https://senate.parlam.kz/kk-KZ/news/details/14224