Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Заңнан нәтижеге: сенаторлар Руслан Рүстемов пен Наурызбай Байқадамов Президенттің реформаларды іске асыруға деген тәсілдерін талқылады

08.01.2026 150

Парламент Сенатының депутаттары Руслан Рүстемов пен Наурызбай Байқадамовтың Қызылорда облысына жұмыс сапарының басты тақырыбы заңнамалық шешімдерді іс жүзінде жүзеге асыру мәселелері, олардың адамдардың өмірі мен мемлекеттік институттардың жұмысына нақты әсері болды.

Талқылау Мемлекет басшысының жуырда «Turkistan» газетіне берген сұхбаты аясында жүргізілді, онда Президент қабылданатын шешімдер мен реформалардың азаматтардың өміріне нақты әрі айқын әсер етуі керектігіне назар аударды. Осыған байланысты сенаторлар су қауіпсіздігінен бастап, денсаулық сақтау және әлеуметтік инфрақұрылымға дейінгі негізгі салаларда қабылданған заңдардың қалай іске асырылып жатқанын жергілікті жерлерде талқылады.

Өңірде болған кезінде парламентшілер Қызылорда облыстық мәслихатының депутаттарымен жұмыс кездесуін өткізді. Талқылаудың негізгі тақырыбы өңірлік дамудың өзекті мәселелері және елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа Су кодексінің ережелері болды. Су ресурстарын ұтымды пайдалану, гидротехникалық құрылыстарға цифрлық мониторинг жүргізу, су үнемдейтін технологияларды енгізу, сондай-ақ су объектілерін басқару саласындағы жергілікті өкілді органдардың өкілеттіктерін кеңейту мәселелері қаралды.

Мәслихаттардың өкілеттіктерін кеңейту олардың жергілікті жерлерде шешім қабылдаудағы рөлін күшейткені және өңірлердің ерекшеліктерін ескере отырып, заңнамалық бастамаларды іске асыруға жауапкершілікті арттырғаны атап өтілді.

«Заң қабылдау - әлі бастамасы ғана. Ең бастысы - оның өмірде қалай жұмыс істеп жатқаны және халықтың су қауіпсіздігі, денсаулық сақтау немесе әлеуметтік нысандар секілді мәселелерде қандай нақты өзгерістерді сезініп отырғаны», - деді сенатор Руслан Рүстемов.

Өңірдегі жұмыстарын жалғастыра отырып, сенаторлар облыстық прокуратура ұжымымен кездесті. Кездесу барысында Парламент қабылдаған заңдарды іске асыру мәселелері, сондай-ақ қоғамдық бақылау тетіктері мен заңдылықты нығайту талқыланды. Мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын арттыруға және азаматтардың қоғамдық процестерге қатысуын кеңейтуге бағытталған «Қоғамдық бақылау туралы» Заңның ережелеріне ерекше назар аударылды.

«Заңдардың тиімділігі олардың жергілікті жерлерде қаншалықты үйлесімді іске асырылуына байланысты. Мәслихаттармен, құқық қорғау органдарымен және әлеуметтік мекемелермен өзара іс-қимыл проблемалық мәселелерді анықтауға және оларға уақтылы ден қоюға мүмкіндік береді», - деді Наурызбай Байқадамов.

Жұмыстың жеке блогы денсаулық сақтау мәселелеріне арналды. Сенаторлар Қызылорда облыстық онкологиялық орталығына барып, онда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қабылданған 2023-2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі Кешенді жоспардың іске асырылу барысымен танысты.

2025 жылы орталықты заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандыруға 3,9 млрд теңге бөлінді, бұл мекемені компьютерлік томографтармен, маммографтармен, эндоскопиялық және рентгенологиялық жабдықтармен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Орталықтың жабдықталу деңгейі 97 пайызға жетті. Қосымша, «Қазақстан халқына» қорымен ынтымақтастық аясында соңғы екі жылда өңірдің денсаулық сақтау саласына 4,9 млрд теңге бағытталды.

Медициналық ұжыммен әңгімелесу барысында сенаторлар міндетті онкологиялық скрининг тегін медициналық көмек тізбесіне енгізілген жаңа заңдардың ережелерін де түсіндірді.

Талқылаулар қорытындысы бойынша сенаторлар қабылданатын заңдарды іс жүзінде іске асыру және олардың азаматтар үшін айқын әсері парламенттік қызметтің негізгі бағдары болып қала беретінін атап өтті.

Бөлісу