Сенат депутаттары Сыр өңірінде әлеуметтік нысандардың ашылуына қатысты
10–11 қаңтар күндері Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының Сыр өңіріндегі жұмыс сапары аясында әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бірқатар іс-шаралар өтті.
Сенат депутаттары Руслан Рустемов пен Наурызбай Байқадамов облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевпен бірге Арал ауданының Мергенсай ауылында 150 орындық жаңа мектептің ашылу рәсіміне қатысты. Білім беру нысаны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ауылдық аумақтарды дамытуға бағытталған тапсырмалары аясында салынған.
Жаңа мектеп ауыл оқушылары үшін заманауи әрі қауіпсіз білім беру жағдайларын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және өңірдегі білім беру инфрақұрылымын дамытуға ықпал етеді.
Сонымен қатар Қызылорда қаласында Сенат депутаттары білім, медицина, мәдениет, спорт, қаржы және әлеуметтік салаларда еңбек етіп жүрген жас отбасыларға арналған 100 пәтерлі екі тұрғын үйдің пәтер кілттерін табыстау рәсіміне қатысты. Аталған тұрғын үйлер өңірде жүзеге асырылып жатқан жастарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған әлеуметтік саясаттың бір бөлігі болып табылады.
Аталған іс-шаралар өңірде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың жалғасы болып табылады.