Жаңа Конституция жобасын түсіндіру: Руслан Рүстемов Қызылорда облысында колледж ұжымымен кездесті
Сенатор Руслан Рүстемов өңірге жұмыс сапары аясында Исатай Әбдікәрімов атындағы жоғары политехникалық колледж ұжымымен кездесу өткізді. Шараға облыстық және қалалық мәслихаттардың төрағалары да қатысты.
Жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері және алдағы республикалық референдумның маңызы кездесудің негізгі тақырыбы болды. Қатысушыларға конституциялық өзгерістердің логикасы, құжатты дайындау кезеңдері және оны әзірлеу кезінде ескерілген қоғамдық ұсыныстардың рөлі жан-жақты түсіндірілді.
«Жаңа Конституцияның жобасы мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары кепілдіктерін кеңейтуге, сондай-ақ еліміздің ұзақ мерзімді дамуы үшін орнықты негіз қалыптастыруға бағытталған», - деп атап өтті сенатор.
Әрбір азаматтың саналы түрде таңдауы және Қазақстанның болашағы үшін жеке жауапкершіліктің маңыздылығына ерекше назар аударылды.
Диалог барысында экономиканы дамытудағы техникалық және кәсіптік білім берудің рөліне ерекше назар аударылды. Білікті кадрларды даярлау, адами капиталды дамыту және жастарды қолдау Негізгі заң жобасында белгіленген міндеттермен тікелей байланысты екендігі атап өтілді.
Кездесуге қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдірді. Талқылау ашық және сындарлы диалог түрінде өтті.
Өңірлердегі мұндай кездесулер конституциялық қайта құрулардың мәнін тереңірек түсінуге ықпал етеді және жаңа Конституция жобасын бүкілхалықтық талқылау кезеңінде қоғам мен өкілді билік арасындағы өзара іс-қимылды нығайтады.