Сенаторлар облыс тұрғындарымен конституциялық реформа мен экономикалық қауіпсіздік мәселелерін талқылады
Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында Руслан Рүстемов жаңа Конституция жобасының ережелерін және заңдылық пен экономикалық қауіпсіздікті нығайту мәселелерін түсіндіруге арналған бірқатар кездесулер өткізді.
Тасбөгет кентінде тұрғындармен мазмұнды кездесу өтті. Оның барысында Негізгі заңның жаңа редакциясының жобасын қалыптастырудағы маңызды тәсілдер талқыланды. Конституциялық реформа Мемлекет басшысының Парламентті реформалау туралы стратегиялық шешімінен бастап жұмыс тобының қызметіне, Ұлттық құрылтайдағы талқылау мен 130 адам қатысатын Конституциялық комиссияның ашық жұмысына дейінгі кезеңнің және жүйелі жұмыстың нәтижесі болғандығы атап өтілді. Бұл үрдістің орталығында азаматтардың пікірі болды.
«Жаңа Конституция – бұл жеке түзетулер жиынтығы емес, Негізгі заңның тұтастай жаңа редакциясы. Оның негізінде «Адамға арналған мемлекет» қағидаты, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін күшейту, заңның үстемдігін, әділеттілік пен жауапкершілікті бекіту жатыр. Ең бастысы, бұл құжат қоғамның белсенді қатысуымен және адамдардың нақты сұраныстарын ескере отырып қалыптасты», - деді Руслан Рүстемов.
Тасбөгет тұрғындары конституциялық өзгерістер күнделікті өмірге, әлеуметтік әділеттілікке және мемлекеттік басқарудың сапасына қалай әсер ететіні туралы бірқатар сұрақтар қойды, сондай-ақ алдағы республикалық референдумға өз көзқарастарын ашық білдірді. Сенатордың пікірінше, мұндай диалог азаматтық жауапкершілік пен саяси мәдениеттің өскенін көрсетеді.
Сенатор сол күні Қаржы мониторингі агенттігінің Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің ұжымымен кездесті. Департамент басшысы Аслан Кеңесұлы экономикалық және қаржылық құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және тергеу жұмыстары, сондай-ақ қылмыстық кірісті заңдастыру және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралар туралы хабардар етті.
Талқылау барысында қаржы қылмыстарының алдын алуға, қаржы пирамидаларының белгілерін анықтауға, азаматтарды алаяқтықтан қорғауға және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға ерекше назар аударылды.
Руслан Рүстемов конституциялық реформа мен экономикалық қауіпсіздік мәселелерінің өзара байланысы туралы өз ойларын ортаға салды.
«Жаңа Конституцияның жобасы заңдылық пен тәртіп қағидаттарын күшейтеді, мемлекеттің азаматтар алдындағы жауапкершілігін нақты бекітеді, басқару жүйесін ашықтық пен әділеттілікке бағыттайды. Бұл нормалар еліміздің экономикалық мүддесін және азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін қорғау үшін берік құқықтық негіз қалыптастырады», - деп атап өтті сенатор.
Кездесулер қорытындысы бойынша халықпен және кәсіби ұжымдармен ашық диалог пен түсіндіру жұмыстары азаматтардың негізгі қоғамдық-саяси үдерістерге саналы түрде қатысуына және қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтуға ықпал ететіні атап өтілді.