Қазақстан Республикасының Сенатында «2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» және «2026-2028 жылдарға арналған республикалық және жергілікті бюджеттер арасындағы жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» заңдар таныстырылды.
Қаржы министрінің орынбасары Абзал Бейсенбекұлы 2028 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде дайындалған «2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңды таныстырды. 2026 жылы бюджет кірісі 23,1 трлн теңге көлемінде болжанып отыр, оның ішінде өз кірісі - 19,2 трлн теңге болды. Өсім экономикалық дамуды, жаңа Салық кодексін енгізуді және әкімшілендіру тиімділігін арттыруды қамтамасыз етеді. Бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің 2,5%-ын құрайды, 2028 жылға қарай 0,9%-ға дейін төмендейді.
Бюджетте әлеуметтік бағыт сақталған: әлеуметтік салаға 10,8 трлн теңге, оның ішінде 6,8 трлн - төлемге және 4 трлн - білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, туризм және спортты дамытуға көзделген. Денсаулық сақтауда сақтандыру үлгісіне көшу, мәдениетте - ұйымдардың бір бөлігінің өзін-өзі қаржыландыруға біртіндеп көшуі басталады. Экономиканың нақты секторын дамытуға 3,6 трлн теңге қарастырылған – бұл биылғы жылмен салыстырғанда 471 млрд теңгеге артық. Қаржы агроөнеркәсіп кешенін, инфрақұрылым, бизнес және цифрландыруды қолдауға бағытталады. Әлеуетті бөлікке 3 трлн теңге бөлінді, бұл ЖІӨ-нің 1%-ды құрайды.
Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері өз кезегінде еліміздің 2026-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы және бюджетті қалыптастырудың негізгі тәсілдері туралы айтты. Негізгі даму жоспарына сәйкес, ЖІӨ-нің тұрақты өсуі, мұнайдан тыс тапшылықтың 2022 жылғы ЖІӨ-нің 8,3%-дан 2028 жылға қарай 2,7%-ға дейін төмендеуі және бюджет құрылымындағы мұнай емес кірістердің үлесінің артуы күтілуде. Республикалық бюджеттің кірістері 2026 жылы 19,2 трлн теңге, 2027 жылы 21,2 трлн теңге және 2028 жылы 23,2 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр. Шығыстар тиісінше 27,7 трлн, 28,8 трлн және 29,8 трлн теңгені құрайды. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің мөлшері жыл сайын 2,77 трлн теңге деңгейінде сақталады. Жобада мемлекеттік шығыстардың тиімділігін арттыру, бюджеттік тәртіпті нығайту және мемлекеттік қаржыны басқаруды жақсарту жөніндегі шаралар көрсетілген.
(Пресс-служба Сената, 74-72-27. Фото – А. Байжуманов)