Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік жөніндегі комитетінің төрағасы Сүйіндік Алдашев Малайзия Сенаты Төрағасының орынбасары Нұр Жазлан Мохамедпен кездесті. Тараптар парламентаралық байланыстарды одан әрі тереңдету, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ түрлі саладағы екіжақты бастамаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Сүйіндік Алдашев өз сөзінде екі елдің парламенттері арасындағы тұрақты диалог пен байланыстарды өрістетудің маңыздылығын атап өтті. Ол сондай-ақ Қазақстанда жүзеге асып жатқан реформалар, оның ішінде цифрландыру және заңнаманы жетілдіру туралы әріптестерін хабардар етті.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында үш жыл ішінде Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойған болатын. Парламент алдында қажетті заңнамалық базаны қалыптастыру жөнінде маңызды міндет тұр. Сенат қазірдің өзінде жасанды интеллект туралы заңды қарастыруда, ал Парламентте Цифрлық кодекстің жобасы – цифрлық құқықтық қатынастар саласындағы алғашқы кешенді акт талқылануда. ЖИ енгізу процестердің тиімділігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған, бірақ басты мақсат – азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру», - деді Сүйіндік Алдашев.
Кездесуге қатысушылар сауда-экономикалық саланы, инвестиция мен гуманитарлық байланыстармен қоса ынтымақтастықтың жалпы бағыттарын талқылады. Екі ел арасында серіктестікті кеңейту үшін жақсы әлеует, сондай-ақ түрлі салаларда тәжірибе алмасуға назар аударып отырғаны атап өтілді. Шарттық-құқықтық базаны одан әрі дамыту және бірлескен бастамаларды іске асыру мәселелері де көтерілді.
Нұр Жазлан Мохамед өз кезегінде Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға оң баға беріп, парламентаралық өзара іс-қимылға қарқын беруге дайын екенін білдірді. Ол заң шығарушы органдар арасындағы диалогтың маңыздылығын атап өтіп, өзара мүдделі салалардағы ынтымақтастықты дамытуды қолдайтындарын нақтылады.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: А.Байжұманов)