Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Инвесторға икемді шарттар және бәсекеге қабілетті шикізат базасы: Сенаторлар жер қойнауын пайдалану туралы жаңа заңды қарады

02.12.2025 559

Сенатта Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысы болды. Онда «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне көмірсутектер мен уран саласындағы жер қойнауын пайдалануды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы қаралды. Талқылауға Энергетика министрлігінің, Атом энергиясы агенттігінің, сондай-ақ ұлттық компаниялардың өкілдері қатысты.

Отырыста жер қойнауын пайдаланудың тиімділігін арттыру, геологиялық барлау жеке инвестицияларды ынталандыруға және мемлекеттің стратегиялық ресурстарды басқарудағы позициясын нығайтуға бағытталған негізгі жаңалықтар егжей-тегжейлі қаралды.

«Заңның негізгі бөліктерінің бірі – көмірсутегілер бойынша түзетулер, оның ішінде аз зерттелген аумақтарда барлау мен өндіруге арналған бірыңғай келісімшарттың жаңа түрін енгізу, алыпсатарлық мәмілелерді азайту үшін жер қойнауын пайдалану құқығын беруге үш жылдық тыйым салуды белгілеу, сондай-ақ күрделі газ жобалары бойынша бірыңғай келісімшарт талаптарына көшуді жеңілдету туралы. Бұл нормалар инвесторлар үшін анағұрлым икемді жағдайлар жасайды және бәсекеге қабілетті шикізат базасын қалыптастыруды қамтамасыз етеді», - деп атап өтті сенатор.

Отырыс барысында Шәкәрім Бұқтұғұтов уран саласына қатысты заңда жазылған мәселелерге де тоқталды.

«Ұсынылған өзгерістер стратегиялық жер қойнауы телімдерін басқару тетіктерін күшейтеді және уран өнеркәсібінің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Бұл уран кені табылған кезде аумақты мемлекетке қайтару тетіктерін енгізу, ұлттық компанияның басым құқықтарын кеңейту, өзге жер қойнауын пайдаланушыларға лицензия беруді шектеу және жекелеген телімдерді мерзімсіз резервке қою туралы болып отыр», - деп атап өтті депутат.

Отырыс барысында қатысушылар саланың қазіргі міндеттерін көрсететін заңнамалық нормаларды жүйелі түрде жаңарту қажеттігін қолдады.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)

Бөлісу