Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің депутаттары көлік-транзит саласын жаңғырту мәселелері бойынша көшпелі іс-шара аясында «Штадлер Қазақстан» ЖШС-нің жүйдек жолаушылар вагондарын шығаратын зауытына барды.
Сапар барысында сенаторлар кәсіпорынның өндірістік қуатымен, технологиялық процестің негізгі кезеңдерімен танысып, жаңа буындағы купе және плацкарт вагондарын аралап көрді. Зауыт басшылығы өндірістің қазіргі жай-күйі, жолаушылар жылжымалы құрамын кезең-кезеңімен жаңарту жоспарлары және заманауи технологиялық шешімдерді енгізу туралы ақпарат берді.
«Жолаушылар вагондарының жеке өндірісін дамыту - еліміздің көлік жүйесін жаңғыртудың маңызды элементі. Мұндай жобаларды іске асыру инфрақұрылымды жаңартуға, тасымал сапасын арттыруға және Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға септігін тигізеді», - деп атап өтті Комитет төрағасы Сүйіндік Алдашев.
Көшпелі шара аясында Комитет мүшелері Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, Көлік министрлігінің, «ҚТЖ» ҰК» АҚ және «Штадлер Қазақстан» ЖШС өкілдерімен кездесті. Қатысушылар теміржол машинасын жасауды дамытудың, жолаушылар паркін жаңартудың және көлік-транзит инфрақұрылымын одан әрі модернизациялаудың өзекті мәселелерін талқылады.
Іс-шара қорытындысы бойынша еліміздің көлік саласындағы және экономикалық дамуындағы стратегиялық міндеттерді іске асыру үшін мемлекеттік органдар мен бизнестің жүйелі өзара іс-қимылын жалғастыру қажеттігі атап өтілді.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)