Сенатта жабайы жыртқыш аңдардың, ең алдымен қасқырлар мен аюлардың елді мекендерге, жайылымдар мен жеке қосалқы шаруашылықтарға шығуының жиілеп кеткен жағдайлары бойынша жұмыс кеңесі өтті.
Кездесу барысында бірқатар өңірде, соның ішінде Шығыс Қазақстан облысында соңғы жылдары жыртқыштардың малға шабуылына және халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төнуіне байланысты азаматтардан түсетін шағымдардың артқаны атап өтілді. Қалыптасқан жағдай тұрғындардың алаңдаушылығын тудырып, әсіресе ауылдық жерлерде әлеуметтік шиеленіс артты.
Кеңеске қатысушылар жабайы жыртқыш аңдардың санын реттеудің қолданыстағы тетіктері туындаған қауіп-қатерлерге жедел әрекет етуге әрдайым мүмкіндік бермейтініне назар аударды. Соның ішінде, шұғыл жағдайларда атуға рұқсат алудың ұзаққа созылатын және бюрократиялық рәсімдері қабылданатын шаралардың тиімділігін айтарлықтай төмендетеді және азаматтар мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін дер кезінде қорғау мүмкіндіктерін шектейді.
Талқылауға ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің, Шығыс Қазақстан облысының жергілікті атқарушы органдарының өкілдері, сондай-ақ Алтай ауданы мәслихатының мүшелері мен жұртшылық өкілдері қатысты.
Кеңес аясында жабайы аңдардың елді мекендерге шығу оқиғалары, азаматтардың өтініштер динамикасы, сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат ұсынылды. Ведомствоаралық іс-қимыл, ветеринариялық-санитарлық қауіпсіздік және жабайы фауна арасындағы аса қауіпті аурулардың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
«Жабайы жыртқыш аңдардың елді мекендерге шығу жағдайларының жиілеуіне байланысты ахуал шұғыл және үйлесімді іс-қимылды талап етеді. Бұл мәселе азаматтардың қауіпсіздігіне, мүліктің сақталуына және ауылдық аумақтардағы әлеуметтік тұрақтылыққа тікелей қатысты. Талқылау қорытындысы бойынша келісілген шараларды іс жүзінде асыруға көшіп, олардың уақтылы орындалуын қамтамасыз ету қажет», - деп атап өтті Ольга Булавкина.
Кеңес қорытындысы бойынша жедел әрекет етудің бірыңғай алгоритмін әзірлеу, жабайы жануарлар санын реттеудің қолданыстағы тетіктерінің тиімділігіне талдау жасау, сондай-ақ халық үшін нақты қауіп-қатерлерді ескере отырып, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру бойынша ұсыныстар дайындау қажеттілігі белгіленді.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)