Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары Халық Конституциясы жобасын жалпыұлттық талқылау жөніндегі жалпыұлттық коалиция қызметінің аясында Қызылорда облысының тұрғындарына конституциялық реформаның негізгі ережелерін түсіндірді. Сенаторлар жұмыс сапары барысында Қармақшы ауданындағы Ақай ауылының тұрғындарымен, сондай-ақ мәдениет және өнер саласының өкілдерімен кездесулер өткізді.
Атап айтқанда, Ақай ауылында жергілікті тұрғындармен кездесу өтті. Оның барысында конституция жобасының негізгі өзгерістері мен жаңалықтары жан-жақты түсіндірілді.
Комитет депутаттары Қызылорда облысына екі күндік жұмыс сапары аясында «Байқоңыр» кешенінің аумағында экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалануды реттеу мәселелеріне арналған көшпелі отырыс өткізді.
Отырыс барысында ғарыш айлағы қызметінің қоршаған ортаға әсерін бағалау мен зымыран тасығыштарының бөліктері құлайтын аумақтардағы экожүйелердің жай-күйіне, қалдықтармен жұмыс істеуге, сондай-ақ экологиялық бақылау мен келтірілген залалды өтеудің қолданыстағы тетіктеріне баса назар аударылды.
Комитет төрағасы Әли Бектаев «Байқоңыр» кешені аумағындағы экология мәселелері жүйелі сипатқа ие екенін және мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы құрылымдардың және салалық мекемелердің үйлесімді іс-қимылын талап ететінін атап өтті.
«Экологиялық қауіпсіздік – бұл тек табиғатты қорғау мәселесі ғана емес, сонымен бірге халықтың денсаулығы мен ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Зымыран тасығыштарды дайындау мен ұшырудан бастап, құлаған бөліктерді кәдеге жаратуға дейінгі барлық кезеңдерде ауаның, судың және топырақтың ластану қаупі туындайды. Сондықтан зиянды заттардың рұқсат етілген концентрациясының шектен асып кетуіне жол бермеу және мемлекеттік бақылауды күшейту жөнінде дәйекті әрі іс жүзіндегі шаралар қажет», - деді сенатор.
Комитеттің көшпелі отырысы мен сапар аясында өткізілген кездесулердің қорытындысын экология, табиғатты пайдалану және аумақтарды тұрақты дамыту саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша алдағы жұмыста ескерілетін болады.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)