ҚР Парламенті Сенатында Қаржы және бюджет комитетінің мүшелері цифрлық теңгені енгізу және оны мемлекеттік қаржы жүйесінде қолдану мәселелері бойынша мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесті.
Талқылау барысында жүзеге асқан пилоттық жобалардың нәтижелері, сондай-ақ республикалық және жергілікті бюджеттер аясында цифрлық теңгені одан әрі кеңінен тарату жөніндегі жоспарлар қаралды. Ақпараттық жүйелерді кіріктіру, бюджет заңнамасын жетілдіру және құралдарды таңбалау тетіктерін қолдану мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Комитет төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов өз сөзінде цифрлық теңгені енгізу бюджет процестерінің ашықтығы мен мемлекеттік қаржыны пайдалану тиімділігін арттыру жөніндегі жүйелі жұмыстың бір бөлігі болып табылатынын атап өтті.
«Цифрлық теңге – бұл ұлттық валютаның жаңа түрі ғана емес. Бұл олардың қозғалысының әр кезеңінде бюджет қаржысының бағыты мен қадағалануын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін құрал. Парламент үшін цифрлық шешімдерді енгізу түсінікті нормативтік базамен, тәуекелдерді барынша азайтумен және мемлекеттік қаржының ашықтығын нақты арттырумен қатар жүруі маңызды», - деп атап өтті Сұлтанбек Мәкежанов.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өкілдері цифрлық теңгенің заңды төлем құралы ретіндегі құқықтық мәртебесі және оның бағдарламалану мүмкіндіктері, оның ішінде мақсатты пайдалану үшін қаржыны «таңбалау» тетігі туралы сенаторларды хабардар етті.
Кездесу аясында жол құрылысы, ҚҚС әкімшілендіру, сондай-ақ әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру саласындағы алғашқы жобалардың нәтижелері ұсынылды. Цифрлық теңгені қолдану жекелеген рәсімдердің мерзімін қысқартуға, есеп айырысулардың ашықтығын арттыруға және қаржының мақсатты жұмсалуын бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Талқылауға қатысушылар отырыс қорытындысы бойынша мемлекеттік органдардың жұмысын одан әрі үйлестіру, құқықтық реттеуді жетілдіру және салалық ақпараттық жүйелердің әзірлігін ескере отырып, цифрлық теңгені кезең-кезеңімен кеңінен тарату қажеттігін нақтылады.
Комитет мүшелері осы аптаның басында осы кездесуге дайындық аясында көшпелі отырыс өткізген болатын. Ұлттық Банкте болған кезде цифрлық теңгені қолданудың іс жүзіндегі ахуалы, ақпараттық жүйелердің дайындық жағдайы және мекемеаралық өзара іс-қимыл мәселелері зерделенді.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)