Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенаторлар Қазақстан мен Аустрия арасындағы реадмиссия мәселелері бойынша келісімді ратификациялау туралы заңды қарады

04.03.2026 528

Сенатта Нұрлан Бекназаровтың төрағалық етуімен Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Отырыс барысында депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Аустрия Республикасының Федералдық Үкіметі арасындағы заңсыз жүрген адамдарды реадмиссиялау және транзиттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарады.

Құжаттың негізгі мақсаты екі мемлекеттің заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл саласындағы тиімді ынтымақтастығы үшін құқықтық негіз жасау, сондай-ақ мемлекеттердің аумағына келу немесе болу шарттарына сәйкес келмейтін адамдарды анықтау және қайтару бойынша жылдам және ашық рәсімдерді қалыптастыру болып табылатыны атап өтілді.

Келісім аясында заңсыз болатын адамдардың реадмиссиясы мен транзитінің тәртібін реттейтін жүйелі құқықтық және әкімшілік тетіктерді енгізу көзделіп отыр. Құжат реадмиссия туралы сұрау салуды жіберу және қарау, адамдарды сәйкестендіру, оларды беру мен тасымалдауды ұйымдастыру тәртібін, сондай-ақ дербес деректерді сүйемелдеу және қорғау мәселелерімен қоса екі елдің құзыретті органдарының өзара іс-қимылының негізгі ұғымдары мен рәсімдерін айқындайды.

Тараптардың реадмиссия рәсімдерін іске асыруға байланысты қаржылық міндеттемелері мәселелеріне, сондай-ақ ықтимал дауларды реттеу тетіктеріне ерекше назар аударылды.

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі мен Аустрия Республикасының Федералдық ішкі істер министрлігінің Иммиграция және баспана беру жөніндегі федералдық мекемесі келісімді іске асыру жөніндегі құзыретті органдар ретінде белгіленді.

Комитет мүшелері талқылау қорытындысы бойынша келісімді ратификациялау заңсыз көші-қон мен трансшекаралық қылмысқа қарсы күрес саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ халықаралық құқық ережесіне сәйкес адамдардың қауіпсіз оралуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Комитет қаралған ережелерді ескере отырып, заңды Сенат отырысының қарауына енгізу және оны мақұлдауға ұсыну туралы шешім қабылдады.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)

Бөлісу