Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенатта қылмыстық-атқару жүйесінің өзекті мәселелері талқыланды

04.03.2026 589

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті Парламентаризм институтымен бірлесе отырып «Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару жүйесі: жай-күйі, өзекті мәселелері және оларды шешу жолдары» тақырыбы бойынша отырыс өткізді. Кездесуге қатысушылар жазаларды орындау жүйесінің ағымдағы жай-күйін, заңнаманы жетілдіру мәселелерін, сондай-ақ сотталғандарды түзету мен  әлеуметтендірудің тиімділігін арттыру жөніндегі шараларды қарады.

Комитет төрағасы Нұрлан Бекназаров қылмыстық-атқару жүйесі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде және әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл саланы дамыту құқықтық реттеуді жетілдіруді, мекемелердің инфрақұрылымын жаңғыртуды және жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеудің тиімді тетіктерін енгізуді қамтитын кешенді тәсілді талап етеді.

«Қылмыстық-атқару жүйесінің негізгі міндеттері сотталғандарды түзету, жаңа құқық бұзушылықтардың алдын алу және адам құқықтарын қорғау болып табылады. Жүргізіліп жатқан жұмыс тек ұстау режимін қамтамасыз етуге ғана емес, сонымен қатар адамды толыққанды қайта әлеуметтендіру және заңға бағынатын өмірге қайтару үшін жағдай жасауға бағытталғаны маңызды», - деп атап өтті Нұрлан Бекназаров.

Отырыс барысында ішкі істер министрінің орынбасары – ІІМ  Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Абай Қайырбеков, Бас прокуратураның, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың және Парламентаризм институтының басшылығы баяндама жасады. Қатысушылар сотталғандардың құқықтарын қамтамасыз ету, пробация тетіктерін жетілдіру және қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алудағы тиімділікті арттырумен қоса қылмыстық-атқару жүйесінің жұмысындағы өзекті мәселелерді талқылады.

Парламентшілер талқылау қорытындысы бойынша қылмыстық-атқару заңнамасын одан әрі жетілдіру және сотталғандарды әлеуметтік оңалту шараларын күшейту қажеттігін атап өтті. Қылмыстық-атқару жүйесін жүйелі жаңғырту құқықтық тәртіпті нығайтудың және қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды элементі болып табылатыны туралы айтылды.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)

Бөлісу