Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенатта құқықтық көмек және сот жүйесі туралы заңдар талқыланды

17.03.2026 553

ҚР Парламенті Сенатында Нұрлан Бекназаровтың төрағалығымен Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Отырыс барысында сот жүйесіндегі кадрлық шешімдерге, сондай-ақ халықаралық-құқықтық ынтымақтастықты және құқықтық көмек тетіктерін жетілдіруге қатысты мәселелер қаралды.

Атап айтқанда, жиын барысында «Қазақстан Республикасы мен Перу Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасы мен Перу Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасы мен Перу Республикасы арасындағы ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы» заңдар қаралды. Құжаттар қылмыстық-құқықтық саладағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға, өзара құқықтық көмек көрсетудің, сотталған адамдарды жазасын одан әрі өз азаматтығы бар мемлекетте өтеуі үшін берудің, сондай-ақ адамдарды қылмыстық жауаптылыққа тарту немесе үкімді орындау үшін ұстап берудің құқықтық тетіктерін құруға бағытталған.

Сонымен қатар Комитет «1993 жылғы 22 қаңтардағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияға өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» және «2002 жылғы 7 қазандағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияға өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңдарды қарады. Түзетулер халықаралық құқықтық көмек тетіктерін жетілдіруге және кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауды күшейтуге, соның ішінде конвенцияларға қатысушы мемлекеттердің аумақтарында алимент өндіріп алу туралы сот бұйрықтарын тану мен орындау бөлігіне бағытталған.

Талқылау қорытындысы бойынша Комитет қаралған заңдарды Сенат отырысының қарауына шығару туралы шешім қабылдады.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)

Бөлісу