ҚР Парламенті Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшелері жұмыс сапарымен Жетісу облысында болды. Сапардың негізгі мақсаты - арнайы экономикалық аймақтардың қызметін зерделеу және олардың елдің транзиттік және өнеркәсіптік әлеуетін дамытудағы рөлін бағалау.
Бағдарлама аясында сенаторлар «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығының жұмысымен танысты, сондай-ақ «Қорғас - Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағына барды. Көлік-логистикалық инфрақұрылымның негізгі нысандарының, соның ішінде «Khorgos Gateway» құрғақ порты мен АЭА аумағында қызметін жүзеге асыратын кәсіпорындардың жұмыс істеуіне ерекше назар аударылды.
Сапар барысында депутаттар индустриялық аймақтағы инвестициялық жобалардың іске асырылуын да зерделеді. Атап айтқанда, логистика, қайта өңдеу өнеркәсібі және өндіріс саласындағы ішкі нарық пен экспортқа бағытталған жобалар қаралды. Мәселен, АЭА аумағында өткізу қабілеті жылына 540 мың жиырма футтық контейнерге дейін жететін көлік-логистикалық орталық, сондай-ақ құрама жем, металл бұйымдары мен күн панельдерін шығаратын кәсіпорындар жұмыс істейді.
Арнайы экономикалық аймақтар жұмысының тиімділігін арттыру, шекара маңындағы инфрақұрылымды дамыту және бизнес үшін қолданыстағы кедергілерді жою мәселелеріне бөлек көңіл бөлінді. Басым қызмет түрлерін кеңейту, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын құру бойынша шаралар талқыланды.
Сонымен қатар сапар аясында сенаторлар «Нұр жолы» кеден бекетінің, сондай-ақ өңірдегі бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызметімен танысты.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)