Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенатта Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан арасындағы жасыл энергия саласындағы әріптестік туралы заң қаралды

07.04.2026 341

Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыста «Әзербайжан Республикасы, Қазақстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы арасындағы жасыл энергияны өндіру және беру саласындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарады.

Құжат таза энергетика саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, «жасыл» электр энергиясын өндіру мен жеткізудің тұрақты тетіктерін қалыптастыруға, сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыру және жаңа энергетикалық нарықтарға шығуға жағдай жасауға бағытталған.

Келісім тараптардың теңдігі негізінде стратегиялық әріптестік орнатуды, экологиялық таза сутегі мен аммиак өндіру және сату жөніндегі жобаларды дамытуды, сондай-ақ электр энергиясын трансшекаралық тұрғыда сенімді жеткізу үшін бірыңғай техникалық және әкімшілік жағдайларды қалыптастыруды көздейді.

Заңда «жасыл» энергияны үздіксіз беруді қамтамасыз ету, тиімді энергия технологиясын енгізу және экспортқа арналған инфрақұрылымды дамыту жөніндегі шаралар айқындалған. Сондай-ақ ынтымақтастықты үйлестіру үшін басқарушы комитет пен жұмыс тобын құру, сондай-ақ ақпараттың құпиялылығы мен ықтимал дауларды реттеу тәртібін белгілеу көзделген.

Келісімді ратификациялау энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға, экспорттық маршруттарды әртараптандыруға және төмен көміртекті энергетиканы дамыту есебінен Қазақстанның орнықты экономикалық өсуін қамтамасыз етуге ықпал ететін болады.

Комитет мүшелері отырыс қорытындысы бойынша заңды Палатаның қарауына жіберу туралы шешім қабылдады.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)

Бөлісу