Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенатта Қазақстанның Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігімен стратегиялық әріптестігі туралы заң қаралды

09.04.2026 492

Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатында Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі арасындағы стратегиялық әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң қаралды. Отырысқа сенаторлар мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Талқылау барысында заңның қабылдануы екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға бағытталғаны және екіжақты өзара іс-қимылды одан әрі дамыту үшін жүйелі негіз қалыптастыратыны атап өтілді. Құжатта саяси, экономикалық, құқықтық, гуманитарлық және экологиялық салалардағы ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары бекітіледі. 

Келісім ратификацияланғанда инвестиция тарту, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту және басым салаларда бірлескен жобаларды іске асыру үшін қосымша мүмкіндіктер ашылатыны атап өтілді. Олардың ішінде энергетика, жаңартылатын энергия көздері, тау-кен өнеркәсібі, цифрландыру, қаржы қызметтері, ауыл шаруашылығы және тұрақты су пайдалану салалалары бар.

Құқықтық ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Құжат сот және құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды нығайту, құқық үстемдігі саласында тәжірибе алмасу, сондай-ақ өзара құқықтық көмек көрсету және сот шешімдерін орындау мәселелері бойынша жұмысты үйлестіруді көздейді.

Келісім сонымен қатар бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру, академиялық алмасуларды кеңейту, сондай-ақ мәдениет мекемелері, мұражайлар мен мұрағаттар арасындағы ынтымақтастықты дамытумен қоса өзара мәдени-гуманитарлық іс-қимыл мәселелерін қамтиды.

Сондай-ақ экология және «жасыл» экономика саласындағы, оның ішінде климат технологиясы саласындағы тәжірибе алмасу мен көміртегі бейтараптығы мақсаттарына қол жеткізуді ескере отырып, өзара іс-қимылдың маңыздылығы атап өтілді.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)

Бөлісу