Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенатта фермерлер мен кооперативтер үшін құқықтық механизмдерді жетілдірудің маңыздылығы талқыланды

14.04.2026 449

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары «Фермер қожалықтары мен ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін құқықтық тетіктерді дамыту перспективалары (шаруашылықтың шағын нысандарын қолдау жөніндегі Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру)» тақырыбында дөңгелек үстел отырысын өткізді.

Жиынды ашқан Комитет төрағасы Әли Бектаев аграрлық саладағы құқықтық механизмдерді дамыту ауыл шаруашылығының тиімділігіне ғана емес, сонымен қатар ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың табыс деңгейіне және елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін атап өтті. Ол шағын және орта шаруашылықтар басым жағдайда кооперацияны дамыту мен тиімді нормативтік база құрудың маңызы ерекше екеніне тоқталды.

«Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің едәуір бөлігі ресурстары мен нарыққа шығу мүмкіндігі шектеулі күйде, бытыраңқы жұмыс істеп жатқанын көріп отырмыз. Мұндай жағдайда кооперация - таңдау емес, объективті қажеттілік. Дегенмен, қолданыстағы құқықтық база бұл міндеттерге толық жауап бермейді: кооперативтердің мәртебесі, олардың жұмыс істеу және ынталандыру механизмдері жеткілікті деңгейде нақты айқындалмаған. Бұл фермерлердің бірігуіне және жалпы кооперацияның дамуына кедергі келтіріп отыр», - деді Әли Бектаев.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов ауыл шаруашылығы кооперативтеріне көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары, соның ішінде субсидиялау, салықтық жеңілдіктер мен жеңілдетілген несие беру туралы айтып, олардың саны мен өндіріс көлемінің артқанын атап өтті. Сонымен қатар, ол заңнаманы өзектендіру қажеттілігіне тоқталып, заң нормаларын қайта қарау және кооперативтердің тиімділігін арттыру үшін жаңа тәсілдер әзірленіп жатқанын жеткізді.

Қатысушылар сондай-ақ фермер қожалықтары мен ауыл шаруашылығы кооперациясының экономикалық тұрақтылығын, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және оларды аграрлық нарықтарға интеграциялауға бағытталған бірыңғай, ұзақ мерзімді мемлекеттік саясатты қалыптастыру шараларын талқылады. Шаруашылық жүргізудің шағын нысандарын қолдау бөлігінде аграрлық, сауда, салық, су және цифрлық саясатты синхрондау мәселесіне ерекше назар аударылды.

Талқылау қорытындысы бойынша фермер қожалықтары мен ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін құқықтық механизмдерді одан әрі жетілдіруге бағытталған ұсыныстар тұжырымдалды. Тиісті ұсынымдар Үкіметке жіберілетін болады.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)

Бөлісу