Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенат Түркиямен әскери мүлік пен персоналдың әуе транзиті туралы келісімді ратификациялау туралы заңды қарады

20.04.2026 467

Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің кеңейтілген отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасының әуе кеңістігі арқылы әскери мүлік пен персоналды транзиттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарады.

Келісімге Астанада 2024 жылғы 11 қыркүйекте қол қойылған болатын. Құжат тараптардың әуе кеңістігін өзара пайдалану барысында әскери мүлік пен персоналдың әуе транзиті тәртібін айқындауға бағытталған. Атап айтқанда, әскери-көлік және жалға алынған азаматтық әуе кемелерінің екі мемлекет аумақтарынан үздіксіз ұшып өтуі кезінде теңдік, әріптестік және өзара тиімділік қағидаттарына орай құқықтық база қалыптастыру көзделіп отыр.

Отырыс барысында келісімде ұшуға рұқсат алу тетіктері белгіленетіні, тараптардың уәкілетті органдары айқындалатыны, сондай-ақ әуе транзитін жүзеге асыру шарттары бекітілетіні атап өтілді. Ұшулар ICAO ережелеріне және мемлекеттердің ұлттық заңнамасына сәйкес орындалатын болады. Сонымен қатар құжат аэронавигациялық, әуежайдағы және жерүсті қызмет көрсету мәселелерін, авариялық қону жағдайындағы іс-қимыл тәртібін, сондай-ақ тараптардың құпия ақпаратты қорғау жөніндегі міндеттемелерін реттейді.

Отырысқа қатысушылардың пікірінше, заңның қабылдануы Қазақстан мен Түркия арасындағы әскери ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал етеді, сондай-ақ әскери мүлік пен персоналды тасымалдау кезінде логистикалық маршруттарды оңтайландыруға мүмкіндік береді.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)

 

Бөлісу