Қазақстан Республикасы Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясының Құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысына қатысты.
Сенатор басқа елдерден келген әріптестерімен бірлесе отырып үлгі заңнамалық актілер мен ТМД ПАА ұсынымдарын әзірлеу туралы ережелердің, сондай-ақ Ассамблеяның тұрақты комиссияларының қызметіне қатысты құжаттардың жаңа редакцияларының жобаларын қарады. Аталған құжаттарды жаңарту қатысушы мемлекеттердің өзара іс-қимылының құқықтық тетіктерін жетілдіруге және заң шығару жұмысының тиімділігін арттыруға ықпал ететіні атап өтілді.
Отырысқа қатысушылар сонымен қатар комиссия қызметінің ұйымдастыру мәселелерін де талқылады. Онда ТМД аясында құқықтық реттеудің өзекті бағыттары бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамыту және келісілген тәсілдерді қалыптастырудың маңыздылығы туралы айтылды.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)