Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенатта есірткі қылмысына қарсы заңның жүзеге асырылуы қаралды

23.04.2026 396

Парламент Сенатында Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің отырысы өтті. Жиын заңсыз есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, олардың аналогтары мен прекурсорларының, сондай-ақ күшті әсер ететін заттардың айналымына қарсы іс-қимылға бағытталған заңның орындалуына арналды.

Талқылау барысында есірткі қылмысына қарсы күрес саласындағы өзекті мәселелер қарастырылды. Атап айтқанда, синтетикалық есірткілердің цифрлық платформаларды заңсыз пайдалану арқылы таралуы және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту қажеттігі сөз болды.

Отырысқа Сенат депутаттары, Бас прокуратура, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Мәдениет және ақпарат, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ Астана қаласы әкімдігінің өкілдері мен басқа да мүдделі тараптар қатысты.

Отырысты ашқан комитет төрағасы Нұрлан Бекназаров қабылданған заңнамалық шараларға қарамастан, есірткіге қатысты жағдай әлі де күрделі күйінде қалып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл мәселе жүйелі тәсілді және алдын ала тиімді шешімдер қабылдауды талап етеді.

«Қабылданған заңнамалық шаралар есірткі құралдары, психотроптық заттар, прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына бақылауды күшейтуге, жастар арасында профилактикалық жұмысты кеңейтуге, сондай-ақ цифрлық арналар арқылы есірткі таратумен күресті жандандыруға ықпал етті. Мемлекеттік органдар бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізуде. Дегенмен, нашақорлық пен есірткі қылмыстарының зияны мен қаупі әлі де өте жоғары», - деді Нұрлан Бекназаров.

Талқылау барысында Сенат депутаты Мұрат Қадырбек есірткі бизнесінің цифрландыру жағдайында өзгеріп жатқанын атап өтті.

«Қазіргі таңда есірткі бизнесі анонимді интернет-ресурстарды, криптовалютаны және жаңа тарату тәсілдерін пайдаланып, цифрлық ортаға белсенді түрде көшіп жатыр. Мұндай жағдайда тек жауапкершілікті күшейту ғана емес, әсіресе жастар арасында алдын алу жұмыстарын арттыру және барлық мемлекеттік органдардың үйлесімді іс-қимылы басты міндетке айналады», - деді сенатор.

Сонымен қатар Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов құқық қорғау органдарының атқарған жұмыстары туралы баяндама жасады. Оның мәліметінше, Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес, Қазақстан халқы Ассамблеясы, қоғам қайраткерлері мен спортшылар өкілдері кіретін есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес құрылған. Сондай-ақ биылғы 12–13 ақпанда Астанада Азия мен Еуропаның 15 мемлекетінің қатысуымен тәжірибе алмасуға және өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға арналған іс-шара өткізілді.

Денсаулық сақтау вице-министрі Әлия Рүстемова медициналық көмекті жетілдіру мақсатында тәуелділікті, оның ішінде кәмелетке толмағандар арасындағы тәуелділікті диагностикалау мен емдеудің клиникалық хаттамалары жаңартылып жатқанын жеткізді. Бұл жұмыстар халықаралық тиімді тәжірибелер негізінде жүргізілуде.

Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар құқық қолдану тәжірибесін одан әрі жетілдіру, профилактикалық жұмысты күшейту және есірткі қылмысына қарсы күресте заманауи цифрлық құралдарды енгізу қажеттігін атап өтті.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)

Бөлісу