ҚР Парламенті Сенатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне газбен жабдықтау және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң таныстырылды. Құжат экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің отырысында қаралды.
Заң газбен жабдықтау және электр энергетикасы саласын реттеуді жетілдіруге, ресурсты есепке алудың ашықтығын арттыруға, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бақылауды күшейтуге, сондай-ақ еліміздің энергетика жүйесінің сенімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Атап айтқанда, газға цифрлық есепке алуды енгізу, газбен жабдықтау нысандарын ұлттық оператордың қарамағына беруді оңайлату, «қос тариф» тәжірибесін алып тастау, автогаз құю станцияларының қызметін реттеу, сондай-ақ электр энергетикасындағы инвестициялық міндеттемелердің орындалуына бақылауды күшейту ұсынылады.
Комитет төрағасы Сүйіндік Алдашев ұсынылған ережелер салада қордаланған жүйелі мәселелерді шешуге және энергетика инфрақұрылымын басқару тиімділігін арттыруға бағытталғанын атап өтті.
«Қарастырылып отырған заң газды есепке алу мен үнемді тұтынудың ашықтығын арттырудан бастап, мемлекеттік реттеу тетіктерін жетілдіруге және энергетика инфрақұрылымының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дейінгі көптеген мәселелерді қамтиды. Бұл шаралар сала жұмысының тиімділігін арттыруға және неғұрлым тұрақты энергетика жүйесін құруға бағытталған», - деді Сүйіндік Алдашев.
Энергетика министрлігі аппаратының басшысы Айдын Ашуев заңның негізгі ережелері бойынша баяндама жасады. Сенаторлар талқылау барысында тарифтік реттеу, саланы цифрландыру, газбен жабдықтау нысандарының қауіпсіздігі және электр энергетикасындағы бақылау тетігіне қатысты ұсынылған ережелер бойынша сұрақтар қойды.
Талқылауға депутаттар, сондай-ақ энергетика, ұлттық экономика, әділет, өнеркәсіп және құрылыс, қаржы министрліктерінің, сондай-ақ «QazaqGaz» ҰК» АҚ, «QazaqGaz Aimaq» АҚ, «Самұрық-Қазына» АҚ және «Самұрық-Энерго» АҚ өкілдері қатысты.
Заң бойынша жұмыс отырыс қорытындысына орай Сенатта одан әрі жалғасатын болды.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: А.Байжұманов)