ҚР Парламенті Сенатында Қаржы және бюджет комитетінің мүшелері мүдделі мемлекеттік органдардың, қаржы секторының және мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесті. Жүздесу азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық саласындағы заңнаманы іске асыру мәселелеріне арналды.
Кездесу барысында қолданыстағы заңнаманы қолдану қорытындылары, құқық қолдану тәжірибесіндегі проблемалық мәселелер, сондай-ақ қаржылық қиын жағдайға тап болған азаматтарды қорғау тетіктерін одан әрі жетілдіру жөніндегі ұсыныстар қаралды.
Комитет төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов кездесуді аша келіп, заңға енгізілген сәттен бастап банкроттық пен төлем қабілеттілігін қалпына келтіру тетіктері азаматтарды қолдаудың сұранысқа ие құралына айналғанын, алайда оларды қолдану тәжірибесі қосымша заңнамалық және ұйымдастырушылық шешімді талап ететін бірқатар мәселелерді көрсеткенін атап өтті.
«Бүгінде заңнаманы іске асырудың аралық қорытындыларын шығарып қана қоймай, туындайтын қиындықтарды объективті бағалау да маңызды. Қолданыстағы тетіктердің тиімділігін, азаматтар мен қаржы ұйымдары мүдделерінің теңгерімін сақтауды қамтамасыз ету, сондай-ақ мұндай қолдауды қажет ететіндер үшін заңда көзделген рәсімдердің қолжетімділігін арттыру қажет», - деп атап өтті ол.
Талқылауға қаржы және әділет министрліктерінің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Сот әкімшілігінің, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының, Қазақстанның микроқаржы ұйымдары қауымдастығының, Қазақстан ұлттық коллекторлар палатасының, сондай-ақ басқа да мүдделі ұйымдардың өкілдері қатысты.
Кездесу барысында, заңға енгізілген сәттен бастап 64 мыңнан астам азамат банкрот деп танылғаны атап өтілді. Ал төлем қабілеттілігін қалпына келтіру тетігі мыңға жуық адамға қатысты қолданылды. Сонымен қатар, қатысушылар берешек туралы мәліметтерді көрсетудің дұрыстығын, құқықтық реттеудегі жекелеген олқылықтарды, сондай-ақ қаржы нарығына қатысушылардың заңнама талаптарын сақтағаны үшін жауапкершілігін күшейту қажеттігімен қоса бірқатар проблемалық мәселелерді атап өтті.
Қатысушылар проблемалық берешектің өсуін шектеу және халықтың борыштық жүктемесін реттеу тетіктерін жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударды. Атап айтқанда, соттан тыс банкроттық рәсімдерінің қолжетімділігін арттыру, азаматтарды қолдаудың қолданыстағы тетіктері туралы хабардар етуді ұлғайту, сондай-ақ қалыптасқан құқық қолдану тәжірибесін ескере отырып, заңнамалық нормаларды одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар талқыланды.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)