Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Оман Сұлтандығының Үкіметі арасындағы табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісімді және оған Хаттаманы ратификациялау туралы» және «Еуразиялық экономикалық одақ пен үшінші тараптың (үшінші тараптардың) кедендік транзитінің бірыңғай жүйесі туралы келісімді ратификациялау туралы» заңдарды қарады.
Талқылауға қаржы, ұлттық экономика, сыртқы істер, әділет министрліктерінің, сондай-ақ басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Отырыс барысында Оман сұлтандығымен келісім екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, өзара инвестицияларға қолайлы жағдай жасау және заңды және жеке тұлғалардың табыстарына қосарланған салық салуды жоюға бағытталғаны атап өтілді.
Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов экономикалық өзара іс-қимылды нығайту және қаржы саласындағы құқықтық базаны жетілдіру мақсатында қаралып отырған бастамалардың маңызына тоқталды.
«Бүгінгі таңда қаралып отырған халықаралық келісімдер өзара экономикалық іс-қимыл үшін неғұрлым ашық, болжамды және қазіргі заманғы жағдайлар жасауға бағытталған. Бұл инвестициялық ынтымақтастықты және салық ашықтығын ынталандыруға да, кеден саласында заманауи цифрлық шешімдерді енгізу арқылы еліміздің транзиттік әлеуетін дамытуға да қатысты», – деп атап өтті Сұлтанбек Мәкежанов.
Отырысқа қатысушылар ЕАЭО мен үшінші елдердің кедендік транзитінің бірыңғай жүйесі туралы келісімге ерекше назар аударды. Құжат бірыңғай электрондық түрдегі транзиттік декларация енгізуді, кеден рәсімдерін біріздендіруді, навигациялық пломбалармен қоса цифрлық бақылау құралдарын қолдануды, сондай-ақ ЕАЭО-ға кірмейтін мемлекеттер жүйесіне қосылуға жағдай жасауды көздейді. Келісімді іске асыру тауарларды жеткізу мерзімдерін қысқартуға, бизнеске әкімшілік кедергілерді азайтуға және Қазақстанның халықаралық көлік маршруттарындағы негізгі транзиттік хаб ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.
Комитет мүшелері талқылау қорытындысы бойынша халықаралық келісімдерді Палатаның қарауына жіберу туралы шешім қабылдады.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)