Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының қоршаған орта, табиғи ресурстар және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі комиссиясының 11 отырысына қатысты. Кездесу барысында қатысушылар экологиялық күн тәртібі, парламентаралық ынтымақтастық және орнықты даму саласындағы өзекті сын-қатерлерді шешудің ортақ тәсілдерін талқылады.
Өз сөзінде Әли Бектаев экологиялық сын-қатерлерге қарсы күресте күш біріктірудің маңыздылығына тоқталып, экология мен орнықты даму мәселелері Қазақстанның мемлекеттік күн тәртібінде ерекше орын алатынын атап өтті.
«Экология және орнықты даму мәселелері халықаралық қауымдастықты ерекше алаңдатып отыр әрі Қазақстанның мемлекеттік күн тәртібінде маңызды орын алады. Алайда мұндай мәселелерді жеке дара шешу мүмкін емес екені анық. Олар өңірлік және халықаралық деңгейде күш-жігерімізді біріктіруді талап етеді», – деді сенатор.
Сондай-ақ сенатор әріптестеріне Қазақстанда экология саласында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстар туралы айтып, табиғатқа ұқыпты қарау қағидатын Конституция деңгейінде бекіткен реформалардың маңызын атап өтті.
«Жаңартылған Конституцияда алғаш рет табиғатқа жанашырлықпен қарау қағидаты конституциялық деңгейде бекітіліп, жалпыұлттық басымдық мәртебесіне ие болды. Бұл нормалар табиғатты қорғау саясатының құқықтық негізін нығайтып, декларативті экологиядан нақты экологиялық жауапкершілікке көшуге мүмкіндік береді», – деді Әли Бектаев.
Отырыс аясында комиссия мүшелері ТүркПА-ға мүше мемлекеттердегі қоршаған ортаның ластануы мәселесіне қатысты ұсынымдар жобасын, санаторий-курорттық қызмет туралы модельдік заң жобасын қарап, климаттық саясат саласындағы жаңа заңнамалық бастамаларды әзірлеуді қоса алғанда, алдағы бірлескен жұмыстың бағыттарын талқылады.
Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар қоршаған ортаны қорғау және орнықты даму мәселелері бойынша парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екендерін растады.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)