Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Ұшқышсыз ұшу аппараты, жауынгерлік модуль және броньды машиналар: сенаторлар қорғаныс өнеркәсібінің кәсіпорындарында болды

26.05.2026 446

Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту мәселелеріне арналған көшпелі отырыс аясында осы саланың Астанадағы кәсіпорындарында болды. Сенаторлар жұмыс сапары барысында «WSE» ЖШС және «NavyCo» ЖШС жұмысымен, сондай-ақ әскери және қос мақсаттағы өнімдер шығаратын кәсіпорындардың өндіріс қуатымен танысты.

Кәсіпорындар өкілдері қазіргі кезде атқарылып жатқан жұмыстар, іске асып жатқан жобалар және бұдан былайғы даму келешегі туралы хабардар етті. Технологиялық жаңғырту, өндірісті шоғырландыру және заманауи инженерлік шешімдерді енгізу мәселелері басты назарда болды.

«Еліміздің ұлттық қауіпсіздігі мен технологиялық тәуелсіздігін қамтамасыз етуде отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамытудың стратегиялық маңызы зор. Бүгінгі таңда сала кәсіпорындарының өндіріс қуатын күшейтумен қатар қазіргі заманғы шешімдерді енгізу, өнеркәсіпті шоғырландыру деңгейін арттыру және мемлекет пен бизнес арасындағы кооперацияны ұлғайтуға жағдай жасау аса маңызды», - деп атап өтті сенатор Сергей Ершов.

Сенаторларға «WSE» ЖШС алаңында композиттік материалдар, жауынгерлік модульдер, сондай-ақ ұшқышсыз авиациялық жүйелер өндірісі көрсетілді. Қатысушыларға қару-жарақ, байланыс құралдары, радиолокациялық және оптикалық-электрондық жүйелердің заманауи үлгілерімен қоса кәсіпорын өнімдерінің желісі ұсынылды.

Депутаттар «NavyCo» ЖШС-да болған кезде броньды танк техникасының қозғалтқыштарын күрделі жөндеу жөніндегі өндіріс қуатымен, сынақ зертханасының жұмысымен, сондай-ақ ұшқышсыз авиация және парашют-тежегіш жүйелері және жеке қорғаныс құралдарын шығару цехтарымен танысты.

Сенаторлар көшпелі отырыстың қорытындысы бойынша отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенін одан әрі дамыту, өндіріс кооперациясын кеңейту және еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру мақсатында саланың технологиялық әлеуетін нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)

 

Бөлісу