Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Ауыл шаруашылығы жерлерін экономикалық айналымға қайтаруға цифрландыру көмектестін болады

02.06.2026 210

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары мемлекетке қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерін экономикаға тиімді тарту ісіне цифрлық технология мен бөлудің ашық тетіктерін және тұрақты жер пайдалану қағидаттарын қолдану мәселесі бойынша кеңейтілген отырыс өткізді. Оған мүдделі мемлекеттік органдардың, облыс әкімдіктерінің өкілдері, мәслихат депутаттары, сондай-ақ сала сарапшылары қатысты.

Отырыс барысында жер ресурстарына мониторинг жүргізу, топырақтың жай-күйін бағалау, өнімділікті болжау және пайдаланылмайтын не тозған жерлерді анықтауға заманауи цифрлық тәсілдерді пайдалану мәселелері қаралды. Қатысушылар жер ресурстарын есепке алудың бірыңғай цифрлық жүйесін қалыптастыру және жер учаскелерін беру рәсімдерінің ашықтығын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды.

Комитет төрағасы Әли Бектаев еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін және ауылдық аумақтардың орнықты дамуын қамтамасыз етуде ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану ерекше маңызды екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы мемлекетке қайтарылған жерлерді бөлу процесін цифрлық форматқа көшіруді тапсырды. Бұл ашықтықты, азаматтар мен инвесторлардың жер ресурстарына тең қолжетімділігін қамтамасыз ету мен оларды пайдалану тиімділігін арттырудағы маңызды қадам. Цифрлық технологияны енгізу бюрократиялық рәсімдерді барынша азайтуға және сыбайлас жемқорлық қауіптерін азайтуға мүмкіндік береді», – деді Әли Бектаев.

Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Таласбек Қанафин жер заңнамасын одан әрі жетілдіруге орай жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабарлады. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы жерлерін бөлудің электрондық түріне толық көшуді көздейтін түзетулер әзірленді. Мемлекеттік мүлік тізілімінің e-Qazyna веб-порталы арқылы мемлекеттік ақпарат жүйесінің деректері негізінде жеңімпаздар автоматты түрде анықталатын конкурстар өткізу жоспарлануда.

Қатысушылар талқылау барысында жер қатынастарын цифрландыру, қайтарылған жерлерді пайдалану тиімділігін арттыру және осы саладағы мемлекеттік бақылау тетіктерін одан әрі жетілдіру мәселелері бойынша пікір алмасты.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)

Бөлісу