Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенаторлар бірқатар заңдарға түзетулерді қарады

03.06.2026 318

Сенатта Нұрлан Бекназаровтың төрағалық етуімен Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары жөніндегі комитетінің кеңейтілген отырысы болды. Онда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келтіру, Қазақстан Республикасының сайлау, прокуратура және әлеуметтік қамсыздандыру туралы заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару кодекстеріне және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне оларды Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келтіру, Қазақстан Республикасының сайлау және прокуратура туралы заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар қаралды.

Талқылауға Сенат депутаттары, Бас прокуратураның, Орталық сайлау комиссиясының, Әділет министрлігінің және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Отырыс барысында сайлау заңнамасы мен прокуратура органдарының қызметін одан әрі жетілдіру, инвесторлардың құқықтарын қорғау, қылмыстық-атқару жүйесін ізгілендіру, сондай-ақ қолданыстағы заңнамалық актілерді ағымдағы жылдың наурыз айында республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының ережелеріне сәйкес келтіру жөніндегі нормалар талқыланды.

Бас Прокурорға инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі функция жүктелетін инвестициялық омбудсменнің құқықтық мәртебесі беріледі. Өңірлік деңгейде инвестициялық прокурорлар – облыстардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар (Астана және Республикалық маңызы бар қалаларда) инвестициялық омбудсмен атынан өкілдік ететін болады. Бұл ретте прокуратура органдарында заңсыз сатып алынған активтерді анықтау және мемлекетке қайтару жөніндегі құзырет те сақталады.

Түзетулердің елеулі бөлігі сотталған әйелдерді, оның ішінде жас баласы бар әйелдерді, сондай-ақ жас баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ерлерді қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұстауды жақсартуға қатысты болып отыр.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)

Бөлісу