Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенатта жүргізушілерді даярлау және жол саласын цифрландыру мәселелері талқыланды

10.06.2026 504

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінде кеңейтілген отырыс өтті. Депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол қауіпсіздігін цифрландыру және жүргізушілерді даярлау саласындағы кәсіпкерлік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарады.

Отырыс барысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру, көлік саласында цифрлық шешімдерді дамыту, сондай-ақ көлік құралдары жүргізушілерін даярлау сапасын арттыру жөніндегі ережелер талқыланды.

Заң жол инфрақұрылымын басқару саласына заманауи цифрлық құралдарды енгізуді, жолдағы жұмыстарды жоспарлау мен қаржыландыру үдерісінің ашықтығын арттыру, сондай-ақ жол қозғалысындағы қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау тетіктерін жетілдіруді көздейді. Түзетулердің бір бөлігі жүргізушілер даярлайтын ұйымдардың қызметін реттеуге қатысты болды.

Атап айтқанда, автомектептердің қызметіне мемлекеттік бақылау енгізу, осындай қызметті жүзеге асыруға рұқсат беру тәртібін белгілеу, сондай-ақ ақпараттық жүйе арқылы оқу ісін мониторингтеу мақсатында оқыту ұйымдарының бірыңғай тізілімін қалыптастыру ұсынылады. Жүргізушілер даярлайтын ұйымдардың материалдық-техникалық базасы мен оқытушылар құрамының біліктілігіне талап қою көзделіп отыр.

Заңда көліктерде озық технологияны дамыту, оның ішінде адамсыз көлік құралдарын пайдалануды реттеу және тиісті инфрақұрылымды дамыту жөніндегі ережелер бар. Сондай-ақ, киберқауіпсіздікті одан әрі нығайту және дербес деректерді қорғау шаралары ұсынылады.

Отырысқа қатысушылар талқылау қорытындысы бойынша көлік саласын цифрлық трансформациялау мен жүргізушілерді даярлау жүйесін жетілдіру және олардың жолдағы қауіпсіздікті арттыру жөніндегі жаңалықтардың маңыздылығын атап өтті.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)

Бөлісу