Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенатта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және АӨК-ні дамытудағы ӘКК-нің рөлі талқыланды

16.06.2026 471

Сенатта Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшелері Әли Бектаевтың төрағалық етуімен ұлттық экономика, ауыл шаруашылығы министрліктерінің басшылығымен, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар, қаржы даму институттары және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен кездесу өткізді. Жүздесуге қатысушылар еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі және агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың рөлін талқылады. Сондай-ақ олардың қызметін одан әрі жетілдірудегі қазіргі проблемалар мен келешегі туралы мәселелер қаралды.

Комитет төрағасы Әли Бектаев кездесуді аша келіп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығының бірі екенін және мемлекет пен бизнестің және даму институттарының өзара тиімді іс-қимылын талап ететінін атап өтті.

«Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттің негізгі басымдығының бірі болып табылады. Осыған байланысты әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар қызметінің тиімділігін объективті бағалау, проблемаларды анықтау және олардың агроөнеркәсіп кешенін дамытуға және өңірлердің экономикалық әлеуетін нығайтуға қосқан үлесін арттыру жөніндегі нақты шаралар әзірлеу маңызды», - деп атап өтті Әли Бектаев.

Сондай-ақ, ұлттық экономика министрінің орынбасары Арман Қасенов пен ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы баяндама жасады. Мемлекеттік органдардың өкілдері кездесуге қатысушыларды ӘКК-ні инвестиция тарту, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және өңірлердің тұрақты экономикалық өсуін қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік толыққанды даму институтына трансформациялау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті. Сондай-ақ, агроөнеркәсіп кешеніндегі жобаларды қаржыландыру, тұрақтандыру қорларын қалыптастыру және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуін тежеу жөніндегі ӘКК қызметі туралы деректер ұсынылды.

Талқылау барысында қатысушылар ауыл шаруашылығы өндірушілерін жеңілдікпен қаржыландыру тетіктерін іске асыру, ауыл инфрақұрылымын дамыту, ішкі нарықта баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және өңірлерге инвестиция тартуда әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сонымен қатар, қосымша назар аударуды талап ететін мәселелер, оның ішінде ӘКК қызметінің ашықтығын арттыру, корпоративтік басқаруды жетілдіру, қаржыландыру көздерін кеңейту және корпорациялардың әлеуметтік және коммерциялық функцияларын ажырату мәселелері белгіленді.

Сенаторлар кездесу қорытындысы бойынша әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың жұмыс тетіктерін одан әрі жетілдіру және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту, отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау және агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамытуға бағытталған тиімді шешімдерді әзірлеу қажеттігін атап өтті. Талқылау барысында айтылған ұсыныстар одан әрі пысықтау үшін мүдделі мемлекеттік органдарға жіберілетін болады.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)

Бөлісу