Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің кеңейтілген отырысында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы аясында ұжымдық қауіпсіздік тетіктерін жетілдіруге, сондай-ақ Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы екіжақты ынтымақтастықты күшейтуге қатысты заңдар қаралды.
Депутаттар отырыс барысында «2010 жылғы 10 желтоқсандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құралымдарының мәртебесі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды талқылады. Құжат ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің аумақтарында ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құралымдарының уақытша болуының құқықтық базасын жетілдіруге бағытталған. Атап айтқанда, әскери құралымдарды тасымалдау, аэронавигациялық қызмет көрсету, әуеайлағын қамтамасыз ету және әуе кемелеріне жанармай құюға байланысты бірқатар ережелерді нақтылау көзделіп отыр. Заңның қабылдануы алға қойылған міндеттерді орындау кезінде Ұжымдық қауіпсіздік күштерін басқару мен тасымалдаудың жеделдігін арттыруға мүмкіндік беретін болады.
Комитет мүшелері «2015 жылғы 15 қыркүйектегі Әскери және басқа да құралымдарды, олардың жылжымалы мүлкін, сондай-ақ әскери мақсаттағы өнімді тасымалдау саласындағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің ынтымақтастығы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды да қарады. Түзетулер әскери құралымдарды, олардың мүлкі мен әскери мақсаттағы өнімдерін тасымалдауды ұйымдастыру, оның ішінде бірлескен оқу-жаттығулар мен бітімгершілік операциясын жүргізу кезінде төтенше жағдайлардың салдарын жою және гуманитарлық көмек көрсету тәртібін жетілдіруге бағытталған. Заң ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің осы саладағы өзара іс-қимылының тиімділігі мен жеделдігін арттыруға мүмкіндік береді.
Депутаттар сонымен қатар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Елшілігінің және Қырғыз Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі мен Қырғыз Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі резиденцияларының мұқтаждықтары үшін Астана қаласы мен Бішкек қаласындағы ғимараттарды және жер учаскелерін өзара өтеусіз пайдалануға беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды талқылады. Келісім өзара негізде елшіліктер мен төтенше және өкілетті елшілердің резиденцияларын орналастыру үшін ғимараттар мен жер учаскелерін беруді көздейді. Келісімді іске асыру Қазақстан-Қырғыз қатынастарын одан әрі нығайтуға, саяси диалогты дамытуға және екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал ететін болады.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)