Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенат комитетінің отырысында көші-қон, білім беру және денсаулық сақтау мәселелері туралы заңдар қаралды

23.06.2026 933

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым жөніндегі комитетінің кеңейтілген отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарады.

Заң әлеуметтік саланы одан әрі жетілдіруге бағытталған және көші-қон саясаты, инклюзивті мәдениет, денсаулық сақтау, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы өзгерістерді көздейді. Кәсіпкерлік, Еңбек және Әлеуметтік кодекстерге, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске, сондай-ақ бірқатар заңдарға түзетулер енгізіледі.

Талқылау барысында заңнамада «инклюзивті мәдениет» және «көркемдік құндылықтар» ұғымдарын бекіту, даму ерекшеліктері бар балаларға арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсететін білім беру ұйымдарын лицензиялау тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ кәсіптік білім беру мен кадрлар даярлау жүйесін жетілдіру шараларын кеңейту ұсынылатыны атап өтілді.

Түзетулердің бір бөлігі – көші-қон саясатын дамытуға қатысты. Азаматтарды жұмысшылар көбірек өңірлерден еңбек тапшылығы бар өңірлерге көшіруді реттеу, жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру, еңбек делдалдығына бақылауды күшейту және қоныс аудару кезінде мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіруге бағытталған ережелер көзделіп отыр.

Одан басқа, заңда биологиялық қауіпсіздік, мемлекетті биофармацевтикалық өніммен қамтамасыз ету, дуальды оқытудан өткен түлектерді жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу мәселелерін нақтылау, сондай-ақ кәсіптік біліктілікті тану саласындағы жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктерін кеңейту ұсынылады.

Комитет мүшелері талқылау қорытындысы бойынша заңда көзделген нормаларды іске асыру халықты әлеуметтік қорғау жүйесін одан әрі дамытуға, медициналық және білім беру қызметтерінің сапасын арттыруға, көші-қон саясатын жетілдіруге және елдің кадрлық әлеуетін нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)

Бөлісу