Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенат ЕАЭО аумағында бағалы металдардың еркін айналымы туралы келісімді талқылады

30.03.2021 661

Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында депутаттар «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде бағалы металдармен және асыл тастармен операцияларды жүзеге асыру ерекшеліктері туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын талқылады.

Заң жобасының басты мақсаты - мүше мемлекеттердің бәсекелестіктегі ерекшеліктеріне бағытталған өзара тиімді сауда-экономикалық тетіктерді қалыптастыру және осы саладағы тиімді шаралар әзірлеу болып табылады. Келісім сондай-ақ ЕАЭО кедендік аумағында бағалы металдар мен тастардың еркін айналымын қамтамасыз ету үшін жағдай жасауды көздейді.

Құжатта сонымен қатар бағалы металдармен және өңделмеген асыл тастармен операцияларды жүзеге асыру, мәмілелер жасау және классификациясы мен құндылық сипаттамаларын анықтау, зергерлік бұйымдарды және ЕАЭО аумағында импортталған немесе өндірілген басқа өнімдерді сынау, талдау және маркалау тетіктері де бар.

Сенатор Жеңіс Нұрғалиевтің пікірінше, Келісім одақ елдеріндегі зергерлік бұйымдардың ішкі нарығында зергерлік бұйымдармен өзара саудада талдау белгілерін мойындалмауына байланысты шектеулерді жоюға оң әсер етеді.

«Егер зергерлік бұйым Қазақстан аумағында жасалып, сынақтан өтсе, онда бұл бұйым ЕАЭО елдерінде сатылған кезде қайта тестілеу қажет болмайды», - деді Жеңіс Нұрғалиев.

Келісім талдау белгілерінің үлгілерімен және олардың сипаттамаларымен алмасу, сондай-ақ Ақшаны жылыстатуға қарсы күрес жөніндегі қаржылық шараларды әзірлеу тобының ұсынымдарын ескере отырып, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы ақпарат алмасуды көздейді. Бұл нормалар толық есеп жүргізуге және сыбайлас жемқорлықпен күресуге мүмкіндік береді.

Қаржы және бюджет комитеті заң жобасын палатаға ұсынды.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген Е.Үкібаев)

Бөлісу