Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенаторлар Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы бірқатар шарттарды қарады

20.04.2021 723

Сенатор Владимир Волковтың төрағалығымен Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқықтық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда Сенат депутаттары Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы құқықтық ынтымақтастықты нығайтуға арналған халықаралық шарттарды қарады. Іс-шара барысында Бас Прокурордың бірінші орынбасары Берік Асылов баяндама жасады.

Кеңейтілген отырыста талқыланған құжаттардың бірі «Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Македония Республикасының арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы. Өз сөзінде сенатор Рысқали Әбдікеров заң жобасында құқықтық көмек көрсетудің шарттары мен тәртібі және одан бас тартудың негізі белгіленгенін атап өтті.

Сонымен қатар депутаттар «Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Македония Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын қарады. Сенат депутаты Сұлтанбек Мәкежанов осы құжатқа сәйкес, сотталған адамды беру ол екі елде де қылмыс болып есептелетін іс-әрекеті үшін сотталған жағдайда жүргізілетініне назар аударды. Бұл ретте сотталған адамға қатысты шығарылған сот шешімі соңғы болуы және алдағы жазасын өтеу мерзімі алты айдан кем болмауы керек екенін атап өткен жөн. Одан бөлек, беруге екі тарап та және сотталған адамның өзі де келісуге тиіс.

Отырыс кезінде сенаторлар «Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Македония Республикасы арасындағы адамдарды ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын да қарады. Сенатор Нұрлан Бекназаровтың айтуынша, бұл құжат тараптарға қылмыстық жауапкершілікке тарту немесе сот үкімін орындау үшін екі елдің құзіретті органдары іздеу салған адамдарды ұстап беруге жағдай жасайды.

Комитет төрағасы Владимир Волков кеңейтілген отырысты қорытындылай келе, Қазақстан Тәуелсіздік алғалы 30-ға жуық мемлекетпен екіжақты негізде осындай шарт жасасқанын және еліміз бірқатар көпжақты келісімдердің қатысушысы екенін айтты. Сондай-ақ, ол мұндай тәжірибенің маңыздылығы мен қажеттілігі жыл сайын нығайып келе жатқан экономикалық, мәдени, шаруашылық, іскерлік және басқа да мемлекетаралық қарым-қатынастарға байланысты екенін тілге тиек етті.

«Шетелде жүрген азаматтар түрлі жағдайларға тап болып жатады. Әрине, олардың арасында өкінішті жайттар да кездеседі. Дәл осындай жағдайларда Шарттардың ережелері Қазақстан Республикасы Конституциясының 11-бабы 2-тармағын іске асыруға мүмкіндік береді. Ол жерде азаматтарымызды елден тыс жерлерде қорғауға және оларға қамқорлық көрсетуге кепілдік берілетіні туралы жазылғаны белгілі. Мұндай кепілдіктердің бір түрі қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету. Ресми статистикаға сүйенсек, биылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша бүгінде Қазақстанның 922 азаматы шет мемлекеттерде жазасын өтеп жатыр. Олардың бәрі құқықтық көмекке мұқтаж», – деді Владимир Волков.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген Е.Үкібаев)

Бөлісу